Мүгедекті бар балалардың ата-анасына қосымша демалыс беру ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов мүгедектігі бар балалардың ата-анасына қосымша демалыс беру мәселесін көтерді.
Бүгін Мәжілісте жұмысшылардың құқықтарын қорғауға арналған заң жобасы бірінші оқылымда талқыланған еді.
– Қызметкерлердің құқықтары ішінде демалу құқығы бар. Бұл конституциялық құқық. Ал бізде ерекше қажеттіліктері бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар еңбек демалысының басым бөлігін баласының еміне, сынамалар тапсыруға, оңалту орталықтарына жұмсайды. Мәселен Эстония айына бір күн демалысты ерекше қажеттіліктері бар баласына арнай алатындай етіп береді. Ата-ана бұл 12 күнді жыл бойы жинап та ала алады. Осылайша қосымша ақы төленетін әлеуметтік демалыс қарастырылған. Біздің министрлік осындай өмірлік жағдайда қалған азаматтарымызға қолдау көрсету үшін осы тәжірибені қарастыруға дайын ба?, – деп сұрақ қойды депутат Мәжіліс отырысында.
Өз жауабында Еңбек вице-министрі Асқарбек Ертаев бұл ұсынысты талқылауға дайын екендерін жеткізді.
– Еңбек министрлігі бұл ұсынысты тағы бір рет қарауға, сіздермен талқылауға және жалпы кеңінен қоғамдық талқылауға шығаруға дайын. Осы арқылы мұндай сұраныс пен қажеттіліктің бар-жоғын анықтауға болады. Біз бұл ұсыныстар бойынша жұмыс істеуге дайынбыз, – деді вице-министр.
Айта кетейік, енді бала күтімінде отырған жұмыссыз әкелерге еңбек өтілі есептеледі.