Мұнайшылар отбасы

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі мұнай қызметінде 146 мың адам жұмыс істейді. Оның 76 мыңы – мұнай‑газ саласының маманы.

мұнайшылар отбасы
Фото: Марат Балданбаевтың жеке мұрағатынан

Қазақстанда жыл сайын 90 миллионға жуық мұнай өндіріледі. Бұл ел экономикасының бір бүйірін толтырып отыр. Жауаптылар алдағы уақытта көрсеткіштің әлі де ұлғаятынын айтады. Демек, мемлекет дамуына мұнайшылардың қосар үлесі зор. Мереке қарсаңында Kazinform тілшісі Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында 40 жылға жуық қызмет ететін ардагер мұнайшымен тілдесіп қайтты.

Марат Балданбаев
Фото: Марат Балданбаевтың жеке мұрағатынан

– Марат аға, сіз мұнай саласына қалай келдіңіз?

– Менің туысқандарым осы мұнай саласында жұмыс істейтін еді. Мен соларға қызығып, жолын қуып осы мамандықты таңдадым. Ағаларым «бұл ел экономикасын дамытатын сала» деп мұнайшы болуға кеңес берді. Солай, 1984 жылы Қазақ Химия‑Технология институтының мұнай мен газ өндіру факультетіне оқуға түстім. 1989 жылы инженер‑технолог мамандығы бойынша диплом алдым. 1988 жылдан бері Шымкент мұнай өңдеу зауытында жұмыс істеймін. 2021 жылға дейін тазалау қондырғылары цехында тауар операторы болып қызмет еттім. Соңғы 4 жыл сол цехта инженер‑технологпын.

– Сіздің жұбайыңыз да осы салада қызмет етеді деп естідік. Бұл рас па?

– Иә, 1990 жылы сол зауытқа менің жұбайым да жұмысқа кірді. Біз сонда танысып, 1 жылдан соң отау құрдық. Қазір 1 қыз, 2 ұлым бар. Қызым басқа салада, ал 2 ұлым мұнай саласын таңдады. Қазір бәріміз бірге сол Шымкент мұнай өңдеу зауытында жанұялық династия болып жұмыс істеп жатырмыз.

– Бұл саланың қауіпті екенін бәріміз білеміз. Бірақ жұмысыңыз туралы өз аузыңыздан естігіміз келеді. Мұнайшы болу үшін қандай мінез бен дағды керек?

– Мұнайшы болу өте қиын. Техникалық қауіпсіздікті сақтамасаң, бір қимыл жаныңды салмап кетуі мүмкін. Біз өмірімізді бәс тігіп жұмыс істейміз. Себебі мұнай‑газ жанғыш, жарылғыш өнімдер. Зауытта техникалық қауіпсіздікке аса қатты мән береді. Бірақ қазір осы жұмысты таңдап келіп жатқан жастар осы қауіпсіздік мәселесіне мән бермейді. Біз жас жігіттерге мүмкіндігінше түсіндіріп, талаптарды үйретеміз.

– 40 жылға жуық тәжірибесі бар маман ретінде еліміздегі мұнай саласының болашағына қандай баға бересіз?

– Техникалық революция деген бір орында тоқтап қалмайды ғой. Технология күннен‑күнге дамып жатыр. Күнделікті жаңалықтар еніп жатқаннан кейін, мұнайға да сұраныс артып, өндіріс көлемі өсіп келеді. Қазақстанда дүниежүзі мұнайының 2 пайызы бар. Мұнай қоры жөнінен 12‑шы орында тұр. Бұл өте көп. Менің ойымша, жақын арада мұнайға сұраныс төмендемейді. Бірақ мені қынжылтатыны – бізде шетелдік компаниялар өте көп. Соны біртіндеп қазақстандық мамандарға берсек. Қазір талапты, білімді жастар өте көп. Соларға сенім артсақ.

– Бір сөзіңізде Қазақстандағы мұнай қоры көп екенін айтып қалдыңыз. Қалай ойлайсыз, сол мұнайдың әлеуетін дұрыс пайдаланып жатырмыз ба?

– Қашағанда сапасы өте жоғары мұнайлар шығады. Шетелдің мұнайынан кем емес. Бірақ біз сол мұнайдың бетіндегі қаймағының бәрін шетелге жіберіп жатырмыз. Тіпті, мұнайдың сапасын әлі де жақсартып, тазалауға мүмкіндігіміз бар. Елімізде мұнайдан көп нәрсе әлі алынбайды. Мысалы, мотор майларын шығара алмай отырмыз. Оны шетелден сатып аламыз. Сондай мотор майларын өндіретін цехтар соқсақ, зауыттарымызға енгізсек. Мұнайдан көп нәрсе алуға болады ғой. Одан бөлек, мұнай өнімдерінен шығарылатын көптеген затты шетелден алдырамыз. Бірақ ол тауарларды өз елімізде де өндіруге болады. Біріншіден, сол заттарды шығаратын кәсіпорын соғу керек. Оған инвестиция керек. Жалпы алғанда, қолымыздағы мұнайдың әлеуетін әлі толық пайдаланып жатқан жоқпыз. Бірақ қазір бірнеше қалада шағын кәсіпорындар ашылып, шетелден заманауи қондырғылар сатып алып жатыр. Бұл да алға жылжудың белгісі. Болашақта ары қарай дамитынына сенімім бар.

– Сонда бізге мұнай саласын дамыту үшін не істеу керек? Қазақстанның мұнайдан түсіретін пайдасын қалай арттыра аламыз?

– Бізде кез келген ірі компания акциясының көп бөлігі шетелдіктерге тиесілі. Инвестицияны барлық ел тартады. Онсыз даму қиын. Біздің де бай адамдарымыз, бай компанияларымыз бар. Бірақ сол адамдардың үлкен жобаларға инвестиция құйып жатқанын естіген емеспін. Мүмкін қорқатын болар. Тәуекелге барудан тартынатын шығар. Сол жоба бітсе өз ақысын алады ғой. Олардың орнына біз инвесторларды шетелден шақырамыз. Шындығында, еліміздегі оқу орындарының техникалық базасы мықты. Ол аз десеңіз, шетелде оқып, тәжірибе жинап келіп жатқан білімді жастарымыз бар. Енді біртіндеп өзімізде білікті мамандарды дайындау керек. Сол шетелдік компаниялардың үлесін азайтып, бар байлығымызды болашақ ұрпаққа алып қалуымыз қажет.

– Марат аға, әдетте қауіпті сала мамандарына көп жеңілдік жасайды ғой. Мұнайшыларда мұндай мүмкіндік бар ма?

– Жас кезімде қызметкерлерге жақсы қолдау көрсетілетін. Бізге үй, жеңіл автокөліктер берілетін. Ол кезде көлік алу өте қиын еді. Қазір көлікпен ешкімді таң қалдыра алмайсыз. Қазір де әлеуметтік жағдайды жасап жатыр. Сауықтыру орындарына жолдама беріп тұрады. Бірақ жастарды сол жұмыс орнында ұстап қалу үшін үй мәселесін шешу керек. Бұған дейін ипотекалық бағдарламалар жүрді. Бірталай қызметкерлеріміз аз пайызбен үй алды. Кейін бағдарлама тоқтап қалды. Осындай жұмыстарды ары қарай дамытсақ деймін.

– Мұнайшы десе, халықтың ойына бірден жалақысы көп адам елестейді. Шынымен жұрт ойлағандай байсыздар ма? Айлығы көп мамандық деп айта аламыз ба?

– Қанша ақша алсаң да көптік етпейді ғой. Бірақ мен өз қағидамды бұза алмаймын. Мұндай мәселелерді жария қылмаймын деп уәде еткенмін. Бастысы – өзімізге жеткілікті, менің көңілім толады. Әлі де көбейтсе жақсы болушы еді. Себебі, жұмысқа келетін жастардың көңілі толмайды. Айлығымыз аз деп жұмыстан шығып, одан жалақысы көп жұмыс тауып алып жатқандар да бар. Шетелге кеткендері де қаншама. Қазір пәтер жалдап тұру өте қиын. Жастардың жиі кездесетін мәселесі де осы – үй ғой. Қазір үйдің бағасы аспандап кетті. Осы мәселені алға тартып, талай білімді жастарымыз басқа салаға кетіп қалып жатыр. Мұндай білікті мамандарды жоғалта беретін болсақ, Қаныш Сәтбаевтар қайдан шығады? Сол жастардың ішінен тағы бір Қаныш Сәтбаевтар шығады, емес пе?! Біз шетелге кетіп жатқан жастарды өзімізде ұстап қалуымыз керек. Ол үшін әлеуметтік жағдайды жасауымыз қажет.

– Аға, сұхбатымызды жақында ғана өзіңіз қызмет ететін зауытта болған апатпен түйіндесек. Қалай ойлайсыз, бұл жағдайға кім жауапты?

– Мердігер ұйымның екі жігіті қаза тапты. Мұнай‑газ жабдығындағы АГП шлангісі жарылып, бір жағына қарай ауып кеткен. Жұмысшылар қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамаған. Мұнда, соны қабылдап алған жігіттер де жауапты. Қазір осы оқиғаға қатысты қатаң жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекеттік комиссия келіп тексеріп жатыр. Мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін барлық шараны қолданады.

Айта кетейік, Президент атынан мұнай саласының ардагерлеріне және ҚазМұнайГаз компаниялар тобы қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыс етілді. 

Соңғы жаңалықтар