Қазақстан мен Пәкістан 2025–2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойды

ИСЛАМАБАД. KAZINFORM — ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Пәкістан астанасы Исламабад қаласына ресми сапармен барды. Бұл сапарда қазақстандық делегация Пәкістанның президенті Асиф Али Зардаримен, премьер-министрі — Шахбаз Шарифпен, сыртқы істер министрі –– Мұхаммад Ысқақ Дармен кездеседі.

Нұртілеу Пәкістанға іссапармен барды
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

— Бұл — Пәкістанға жасаған менің алғашқы ресми сапарым. Біз өзара ынтымақтастық пен ықпалдастық аясын кеңейтуге әзірлігімізді және халықтарымызды бұрынғыдан да жақындастыруға деген ынтамызды көрсеткіміз келеді. Біздің әріптестігіміз бен сенімді достығымыз қазірдің өзінде терең әрі берік. Біздің тамырларымыз уақыт сынынан өткен, әрі олардың бұдан да әрі қарай өсіп-өркендеуге зор әлеуеті бар. Соңғы 30 жылдан астам уақыттағы мазмұнды саяси диалог өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Сондықтан біздің ынтымақтастығымыздың ауқымы өте кең. Кеше мен сіздердің құрметті әріптестеріңізбен, ресми тұлғалармен жүздесіп, маңызды да қызықты мәселелерді талқыладым, іскерлік ортадан жаңа достар табуға мүмкіндік алдым. Екі бауырлас мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру үшін күш-жігер жұмсауға толық дайынмын, — деді М. Нұртілеу Пәкістанның Сыртқы істер министрлігінде кеңейтілген форматтағы екіжақты кездесуде.

Мұрат Нұртілеу Пәкістанға іссапармен келді
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Кездесу қорытындысы бойынша, Мұрат Нұртілеу мен Мұхаммад Ысқақ Дар Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Пәкістан Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2025-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойды. 

Сонымен бірге, қазақстандық тарап Пәкістанның ірі компанияларының өкілдерімен (National Logistics Corporation, TCS Logistics) жиын өткізді. 

Айта кетейік, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 24 ақпанында орнаған. 

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы тауар айналымы 86,8 млн АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде экспорт — 55,3 млн АҚШ долларын, импорт — 31,5 млн АҚШ долларын құраған.

Жыл басынан бері Қазақстан мен Пәкістан арасындағы тауар айналымы 2,5 есеге өсіп, 86 млн АҚШ долларына жеткен. Қазақстанда пәкістандық капиталдың қатысуымен 240-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Алматыда Пәкістанның сауда өкілдігі орналасқан.

Министрлер өңірлік және жаһандық күн тәртібі, оның ішінде БҰҰ, АӨСШК, ШЫҰ, ИЫҰ шеңберіндегі диалог, сондай-ақ екі мемлекеттің халықаралық бастамаларын ілгерілету кезінде өзара қолдау көрсету мәселелері бойынша пікір алмасты.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективалары бөлек талқыланып, министрлер гуманитарлық алмасуларға, соның ішінде туризм, спорт және білім беру саласындағы кооперацияны нығайтуға жаңа серпін беруге өзара ниетін растады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар саяси диалогты жалғастыруға, басым секторлардағы бірлескен жобаларды жандандыруға және бейінді мемлекеттік органдар арасында тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуге уағдаласты.

Кездесу соңында Қазақстан мен Пәкістан сыртқы істер министрліктері арасында 2025-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Бұл құжат қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті іске асырудың маңызды құралына айналмақ.

Бұдан бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Ислам Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Премьер-министр Шахбаз Шарифке құттықтау жеделхатын жолдағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар