NASA Orion ғарыш кемесін Айға ұшырды

АСТАНА. KAZINFORM — NASA төрт астронавты бар Orion ғарыш кемесін Space Launch System (SLS) зымыраны арқылы Айға ұшырды, деп хабарлайды ТАСС.

NASA төрт астронавты бар Orion ғарыш кемесін Айға ұшырды
Фото: Reuters

Ғарыш кемесі Флорида штатындағы Джон Кеннеди атындағы ғарыш орталығы алаңынан, жергілікті уақыт 18:35–де ұшырылды.

Экипаж құрамында Рид Вайзман, Кристина Кох, Виктор Гловер және Джереми Хансен бар. Олардың міндеті Айды айналып өтіп, Жерге қайта оралу. Миссияның ұзақтығы шамамен 10 күн болады.

Белгілі болғандай, ұшырылымға 1 жарым сағат қалғанда инженерлер қашықтықтан ұшуды тоқтату жүйесінде ақау анықтаған, бірақ оны тез арада ретке келтірді.

Айға соңғы рет адам 1972 жылдың желтоқсан айында АҚШ-тың «Аполлон-17» миссиясы аясында ұшырылды. 2019 жылдың көктемінде NASA Айға арналған Artemis («Артемида») бағдарламасын жариялады, ол үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең, Artemis I, Orion ғарыш кемесі арқылы Айға қонбай айналып өтіп, Жерге оралу. Бұл 2022 жылы 16 қараша-11 желтоқсан аралығында іске асты. Екінші кезең, Artemis II, экипажбен Айды айналып өтуге бағытталған. Үшінші кезең, Artemis III, NASA астронавттарды Ай бетіне қондыруды жоспарлап отыр. АҚШ көлік министрі Шон Даффи 2025 жылы маусым айында айға қону алдағы 3,5 жыл ішінде жүзеге асуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ал бұған дейін NASA оны 2027 жылдың ортасына жоспарлаған еді.

Еске салсақ, Orion ғарыш кемесіндегі миссия Айға соңғы 50 жылдан астам уақыттағы алғашқы адам қатысқан экспедиция болады. Artemis II экипажы тек жоғары деңгейдегі кәсіпқой мамандар емес, сонымен бірге мықты жеке тарихы, отбасы және ғылымнан тыс мотивациясы бар астронавттар. Олардың әрқайсысы ұзақ дайындық пен іріктеуден өтті.

Бұған дейін NASA Айға қонуды 2028 жылға шегергені туралы жаздық. Содан кейін АҚШ басқармасы Айда база салу және ядролық ғарыш кемесін ұшыру туралы хабарлады.

Соңғы жаңалықтар