Наурыз мерекесінде ауа райы қандай болады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда алдағы күндері ауа температурасы айтарлықтай жоғарылап, кей өңірлерде +20°С-қа дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы «Қазгидромет» РМКК баспасөз хатшысы Аружан Мұратова мәлімдеді.

Ұлыстың ұлы күні
Фото: Cолтан Жексенбеков / Kazinform

Оның айтуынша, елдің оңтүстік-батыс аймақтарында жылы ауа райы сақталады, ал солтүстік өңірлерде атмосфералық фронттардың өтуі байқалады. Нәтижесінде батыста ауа температурасы +10°С-қа, оңтүстікте +15°С-қа дейін көтеріледі.

Маман бұл көрсеткіштердің қалыпты климаттық нормаға сай екенін атап өтті, яғни, бұл — жыл сайын қайталанатын табиғи үрдіс.

Синоптиктердің болжамынша, солтүстік және шығыс өңірлерде де ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды. Алайда бұл аймақтарда көктайғақ, желдің күшеюі және тұман түсуі мүмкін.

Аружан Мұратова
Фото: Видеодан скрин

— Елдің солтүстігінде және оңтүстіктің таулы аймақтарында ауа райы тұрақсыз болады. Атмосфералық фронттардың әсерінен жауын-шашын (жаңбыр мен қар), көктайғақ және екпінді жел күтіледі. Республика бойынша кей жерлерде тұман түсуі ықтимал. Бірақ, мамандар қазақстандықтар Наурыз мерекесін жаймашуақ, жылы ауа райында қарсы алады деп болжап отыр, — деді Аружан Мұратова Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.

Айта кетейік, жақында әлемдегі ең үлкен шөл саналатын Сахарада қар жауды.

Соңғы жаңалықтар