Наурызды тойлайтын бірнеше елдің үздік шеберлері Астана жәрмеңкесіне қатысты
АСТАНА. KAZINFORM – 21-23 наурыз күндері елордалық ЕХРО халықаралық көрме орталығында «Наурыз базары» жәрмеңкесі өтеді. Оған Наурызды тойлайтын бірнеше елдің үздік шеберлері арнайы шақырылды.

«Жәрмеңкеге 52 қолөнерші жиналған. Оның 9-ы Наурызды тойлайтын өзге мемлекеттерден арнайы шақырылды. Мысалы Қазақстан атынан атақты зергер Берік Әлібай қатысуда, Әзербайжан мен Түрікменстаннан — кілем тоқу ісінің шебері, Қырғызстаннан — киіз, жүн тұту, Ираннан — жез құмыра жасайтын шебер, Түркиядан — әлемге танымал рекордшы құмырашы, Тәжікстаннан — әмбебап қолөнерші келді. Ал өзбекстандық ыдыс шеберінің туындылары Ресейдегі Эрмитаж бен Нью-Йорктегі Метрополитен музейінде тұр. Татарстаннан Бұлғар татарлары мәдениетін насихаттап, қайта жаңғыртушы шебер келсе, Башқұртстан шеберлері жүннен тоқылған шәлі, бөкебай өнімдерін алып келді», — деді ұйымдастырушы Нұржұман Әбдіжәмілов.
Ал астаналық шеберлер тері илеу, қамшы өру, ағаш өңдеу, киіз бұйымдары, зергерлік бұйымдарын ұсынуда.

«Мен негізінен ағаш ыдыстар, қымызға арналған күбілер жасаймын. Одан бөлек, қылқобыз, сазсырнай секілді музыкалық аспаптар да жасаймын. Ағаштың сапасына қарай өнім бағасы өзгеріп отырады. Мәселен ет салатын астау бағасы 30 мың теңгеден басталады. Негізгі материал — қайың ағашы. Негізіг қайың ағашы үшке бөлінеді — қызыл қайың, ақ қайың және бұйра қайыңнан жасалады. Бүгінгі көрмеде әсіресе шетелдіктер көп қызығушылық танытуда», — дейді астаналық ағаш шебері Кәрім Ермек.
Ирандық Насер Лутфи — 50 жылдық тәжірибесі бар шебер. Ол қолөнер саласындағы жетістіктері үшін ЮНЕСКО сыйлығын алған. Оның қолөнер бұйымдарының бағасы 300 доллардан басталып, 4 мың долларға дейін жетеді.

«Мен Исфахан қаласынан келдім, бұл Иран өнерінің орталығы болып саналады. Бұл өнер „Галямзани“ деп аталады. „Галямзани“ — шамамен 4000 жыл бұрын пайда болған металл соғу өнері. Жәрмеңкеге қойылған ыдыстар мыстан жасалған, қалайымен жабылған, содан кейін әр түрлі өрнектер соғылған. Негізінен Иранның ұлттық өрнектері, түрлі шығармалардың сюжеттері мен мотивтері жазылады. Бір өнім жасап шығару үшін 4 айға дейін уақыт кетеді. Қазақстанға алғаш рет келдім және халықтың сыпайылығы, қонақжайлығы ұнап жатыр. Біздің жұмысымызға өте үлкен қызығушылық танытуда», — деді Н. Лутфи агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Сондай-ақ, бүгінгі көрмеге Түркияның Измир аймағынан құмыра жасаушы Ахмет Ташхомджу арнайы келді. Ол аз уақытта 5,5 метр құмыра жасап, Гиннестің рекордтар кітабына енген. Бүгінгі жәрмеңкеге шебер қолдан жасалған керамик бұйымдарын алып келді. Әсіресе оның қоланатын техникасы және құмыра бетіндегі шыңылтыры сала мамандары арасында өте жоғары бағаланады.
Жәрмеңкеде қолдан жасалған бұйымдардан басқа, азық-түлікті тікелей өндірушілерден ауыл шаруашылығы тауарын сатып алуға болады. Келушілер үшін еш делдалсыз жаңа өнімдер қолжетімді. Ел өңірлерінен келген фермерлер азық-түлік жәрмеңкесіне 200 тоннадан астам өнім, оның ішінде ет және сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер жеткізілген.

Қонақтар шығыс тағамдары фестиваліне қатыса алады, онда мерекелік дастарханның басты тағамы — Наурыз көже, сол сияқты ыстық палау, бауырсақтар және елорданың үздік мекемелерінен басқа да тағамдар ұсынылады.
Жастар үшін арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ және тағы басқа ұлттық ойындардан турнирлер ұйымдастырылды.