NCOC-қа берілген нұсқаманың күшін жою, компанияны жауапкершіліктен босатпайды – Экология министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қашаған кен орнының операторы – North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) компаниясына қатысты Атырау облысының экология департаментінің нұсқамасын жою туралы сот шешіміне қатысты түсінік берді.

Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы NCOC компаниясының талап-арызын қанағаттандырып, құжатты әзірлеу кезінде жіберілген рәсімнің бұзылуына байланысты жойды. Алайда министрліктің мәліметінше, сот шешімі компанияны экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатпайды.
— Сот департамент қорытындыларының мәні бойынша негізділігін қараған жоқ және бағаламады. Керісінше, сот департаментке өз құқықтық ұстанымын ескере отырып, әкімшілік рәсімді аяқтау міндетін жүктеді, — делінген Экология және табиғи ресурстар министрлігінің түсіндірме ақпаратында.
Қазір департамент рәсімдеу кезінде анықталған кемшіліктерді жойып жатыр. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің нормасына сәйкес, сот шешімі барлық сатыда шағымдануға жатады.
Осыған орай министрлік экологиялық заңнаманың қағидаты бойынша алдын алу, тұрақты даму және «ластаушы төлейді» принципі аясындағы әрекет жалғасатынын хабарлап отыр.
— Заңда көзделген, құқық бұзушыны жауапкершілікке тартуға және қоршаған ортаны қорғау нормаларын сақтауға бағытталған барлық шара қолданылады, — деп хабарлайды ведомство.
Еске сала кетсек, 2023 жылы Қашаған операторы NCOC Экология министрлігімен соттасып жатқаны туралы жазған едік.
2024 жылы «Қашағаннан» мұнай өндіретін NCOC компаниясы 12,4 млрд теңге айыппұл төлегені белгілі болды.
Сондай-ақ NCOC Қазақстан Үкіметімен арадағы дау-дамайға пікір білдірді.
Ал биыл сәуірде ТШО, Каспий мұнай, Маңғыстаумұнайгаз және NCOC–ке қомақты сомада айыппұл салынды.