Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорданы басқарған 4 жылда не өзгерді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFROM – Кейінгі жылдары облыста құрылыс қарқын алды. Мұнда білім, денсаулық сақтау, мәдениет, тіпті спорт нысандары көп салынды. Дегенмен облыста әлі күнге дейін экология мәселесі өзекті болып қала бермек. Kazinfrom тілшісі Нұрлыбек Нәлібаев басқарған 4 жылда өңірдің қалай өзгергенін саралады.

әкім
Фото: Дияр Бексұлтанов

Нұрлыбек Нәлібаев 2022 жылы сәуір айында Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаевтың туған інісі бұған дейін де Қызылорда қаласын басқарып, тәжірибе жинаған. Кейін ҚР Премьер-министрі кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Араға бір жыл салып өзі туып-өскен Қызылорда облысына әкім болып оралды.

Құрылыс қарқын алды

Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму жолы кейінгі кезде жиі айтыла бастады. Әсіресе білім, спорт, мәдениет саласындағы құрылыс қарқынды. Мұнда құны 3,4 млрд теңге болатын теннис орталығы салынды. 11 мың орындық «Қайсар Арена» стадионы бой көтеріп, қолданысқа берілді. Бұл жұмыстарға 26 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Сонымен бірге құны 20 млрд теңге болатын «Қызылорда Арена» спорт кешені де салынып жатыр.

Нұрлыбек Машбекұлы НӘЛІБАЕВ
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

2024 жылы облыстағы 7 ауданда «Руханият» орталықтары салынған. Мұнда неке қию залы, кітапхана, музей мен архив қызметі бір орталыққа жиналды. 2022-2025 жылдар аралығында білім саласына 1 трлн 159 млрд теңге бөлініп, 43 нысан құрылысы жүрді. «Келешек мектептері» жобасы аясында 10 мектеп салынды. Қызылорда облысындағы іргелі жұмыстар туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай кезінде де атап өтті.

– Кейінгі жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр. Былтыр аймақтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Үш жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде жаңа жылу электр орталығы іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынды. Жылу орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі. Облыс тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Халықтың 80%-ы көгілдір отынды пайдаланады. Елді-мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді. Аймақтағы автокөлік жолының сапасы жалпы жақсы жағдайда деуге болады. Облыстың әуе және темір жол жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы ашылды. Қызылорда қаласындағы тарихи ғимараттың бірі – темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса, аймақтағы 10 темір жол бекетін жаңғырту жұмысы басталды. Мұның бәрі облыстың логистикалық әлеуетін арттыра түседі, - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Президент үш жылда 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынғанын айтты. Ал медицина саласында 40 нысаны ашылған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Енді 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана бой көтермек.

Нұрлыбек
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Статистика не дейді?

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, бүгінде облыс халқының саны 846 мыңнан асты. Өзге өңірлерге қарағандағы ерекшелік, бұл облыста халықтың 53%-ы ауылда тұрады. Халықтың табиғи өсімі биыл екі айда 1 637 адамды құрады. Бұл дегеніміз былтырғыға қарағанда 300 адамға кем. Сонымен бірге қаңтар-ақпан айларында туу көрсеткіші де азайғанын көрсетіп тұр.

Қазіргі кезде Қызылорда облысында 15 мыңнан астам жұмыссыз бар. Былтыр жыл аяғында да дәл осы көрсеткіш тіркелді. Ал облыс халқының орташа айлығы 376 842 теңге. Бұл – 2025 жылдың төртінші тоқсанындағы көрсеткіш.

– Қаңтар-наурызда тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,9% кемісе, өңдеу өнеркәсібінде 13,6%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтауда 8,2%, сумен жабдықтау; су бұру; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызметте 19,9%-ға өсті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 122%-ды құрады. Биыл үш айда 159,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі былтырғына қарағанда 108,2%-ды құрады, - деп жазды Ұлттық статистика бюросы.

Қызылорда облысында азық-түлік тауарларының бағасы 3%-ға, азық-түлік емес тауарлары 2,4%-ға, халыққа көрсетілетін ақылы қызметтердің бағасы 2%-ға өсті. 2026 жылдың қаңтар-ақпан айлары аралығында ЕАЭО елдерімен өзара сауда айналымы 17,1 млн долларды құрап, былтырғымен салыстырғанда 16,6%-ға азайды. Оның ішінде экспорт 4,3%, импорт 35,4%-ға кеміген.

Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорданы басқарған 4 жылда не өзгерді
Фото: Ақорда

Өңірде қандай өзекті мәселелер бар?

Қызылорда қаласында қазіргі кезде 34 160 отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Облыс орталығында 70 мың адам жер алу үшін өтініш білдірген. Биыл 2006 жылы кезекке тұрғандарға 10 сотық телім беріле батайды

Қызылорда облысынде әлі де экологиялық сұрақтар өзекті. «Тұран ойпаты - Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің заңгері, экобелсенді Нұртуған Тұржанов Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында Арал маңы халқына өтемақыдан да басқа көмек керек екенін айтты. 2022 жылғы мәліметке сүйенсек, Арал ауданы бойынша жүйке аурулары, оның ішінде Паркинсон ауруы 32, эпилепсия 62, ми қан айналымының бұзылуы, яғни инсульт 131 адамда кездеседі. 328 бала мүгедектікпен тіркелген. 

Облыста 145 қоқыс полигоны болса, соның 7-інде ғана экологиялық талаптарға сәйкес келетіні жөнінде рұқсат құжаттары бар. Мұнда тұрмыстық қалдықтың тек 32,8 пайызы өңделеді

Кейінгі кезде Қызылордада күріш алқабының көлімі азайып жатыр. Былтыр Қызылорда облысында вегетациялық кезең күрделі болды. Егінге қажетті су көлеміне сұраныс шегіне жетті. Ал биыл күріш көлемі 10,9 мың гектарға қысқарады

Мұнда 2012 жылы жері бөлігін, құрылысы жүрген 120 жылыжай мәселесі сол күйі шешілмеді. Құрылысына кеткен шығын туралы ақпарат әлі күнге дейін білгісіз.