Нұрсұлтан Тұрсынов – екі дүркін Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Нұрсұлтан Тұрсынов
Фото: ҚР ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM – Бішкекте күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күресінен қазақстандық балуан Нұрсұлтан Тұрсынов күміс жүлдеге ие болды.

87 келі салмақта ел намысын қорғаған отандасымыз финалда ирандық Хассем Ализадеге 0:5 есебімен есе жіберді.

Осы орайда айта кетейік, өткен жылы екі балуан Астандағы Азия чемпионатының финалында тағы да жолдары түйісіп, жеңісті ирандық балуан алып кеткен еді. Міне, бұл жолы да Тұрсынов сыралғы қарсыласынан айласын асыра алмады. Осылайша екінші рет Сарықұрлық додасының күміс жүлдегері атанды.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін грек-ри күресінен 63 келі салмақта ел намысын қорғаған отандасымыз Ержет Жарылқасын финалда жапониялық Аята Сузукиді жеңіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Сонымен қатар тағы бір балуанымыз Ибрагим Магомадов ел қоржынына қола медаль сыйлады.

Осылайша бүгін грек-рим күресінен боз кілемге көтерілген 5 балуанның үшеуі жүлде жеңіп алды.

Оның бірі алтын, екіншісі күміс, ал үшінші жүлде қола медаль.

Өкінішке қарай 55 келідегі Нұрзат Қабдырахимов ширек финалда өзбекстандық Жасурбек Артықбаевтан жеңіліп қалса, 130 келідегі Мансұр Шадукаев ширек финалда қырғызстандық спортшыға жол беріп, екеуі жарысты жүлдесіз аяқтады.

Соңғы жаңалықтар