Оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеу: Жеңгетайлық дерегі бойынша тағы бір сот үкімі шықты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласының № 2 сотында кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тартумен ұштасқан жеңгетайлық фактісі бойынша тағы бір қылмыстық іс қаралды.

Бұл қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды. Сотталушы А. кәмелетке толмағанды бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу арқылы жеңгетайлық фактісі бойынша қылмыстық іске тартылған.
Сотта ол жәбірленушінінің кәмелет жасына толмағанын біле тұра, пайдакүнемдік мақсатты көздеп, оны бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға тартқаны анықталды. Оның кінәсі оқиға орнын қарап-тексеру, беттестіру жүргізу хаттамаларымен, жәбірленушінің жауаптарымен дәлелденді. Прокурор сотталушыны кінәлі деп танып, ҚР Қылмыстық кодексі 55-бабының 2-бөлігін қолдана отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды, 5 млн теңге моральдық зиян өндіру жөнінде талап қоюды ішінара қанағаттандыруды сұрады. Жәбірленуші және оның өкілдері сотталушыны кінәлі деп танып, оның кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты бас бостандығынан айыру жазасының төменгі мөлшерін тағайындауды сұрады.
Қорғаушы сотталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабы 2-бөлігі 2), 3)-тармақтары бойынша қылмыс құрамының болмауына орай ақтау жөнінде пікірін білдірді.
Кодекстің аталған бабының санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Кодекстің 53-бабына сәйкес, іс бойынша жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде бұрын сотталмағандығы және жас баласының болуы танылады. Ауырлататын мән-жайлар айыптау актісінде көрсетілмеген. ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабының 2-бөлігінің 2) тармағына сай, жазаны жеңілдететін мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жаза мерзімі ҚК-тің тиісті бабында көзделген ең жоғары мерзімнің 2/3-нен асыруға болмайды делінген. Сот үкімімен сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабы 2-бөлігінің 2), 3)-тармақтары бойынша кінәлі деп танылды. Оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Моральдық зиянды өндіру туралы талап қою ішінара қанағаттандырылды.
Еске сала кетейік, Қызылордада сыныптасын жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген оқушылар күдікке ілінгенін жазған болатынбыз.
Артынша Қызылордада келеңсіздікке жол бергендер қызметінен кетті.
Кейін ҚР ІІМ жәбірленуші тұратын аумақты тәулік бойы күзетті.
Ғани Бейсембаев оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеу дауына қатысты пікір білдірді.
Тергеу жүріп жатқанда Қызылордада оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеген 8 күдікті қамалды.
Кейінірек оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеуге қатысты 13 адам анықталды.
Сондай-ақ қараша айында Қызылордада оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеген айыпталушыға үкім шықты.
Ал Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы К.-ға қатысты екі қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты.
Айта кетсек, оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеу ісі бойынша Қызылордада жеңгетайлық фактісіне қатысты сот үкімі шықты.