Өнеркәсіп министрі Qarmet-тегі өзгерістерге түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев металл өңдеу саласын дамытуға қатысты жұмыстарды атады.
- Қара металлургия саласында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында «Qarmet» комбинаты қызметін қалпына келтіруге және болат өндірісін 5 млн тоннаға дейін
ұлғайтуға бағытталған жаңғырту бағдарламасы іске асып жатыр. Аталған модернизация бағдарламасы болатты терең өңдеуге жаңа серпін бермек. Бүгінде нарыққа әртүрлі болаттың көптеген маркасы жеткізіліп жатыр, - деді Е. Нағаспаев.
Осы орайда ол «QazTehna» зауытында «Qarmet» комбинатында өндірілетін 08КП маркалы мырышталған болаттан автобустар кузовына арналған әртүрлі металл элементтері жасалатынын айтты.
- Модернизация аясында болаттың жаңа маркаларын одан әрі игеру нарықтың жаңа сегменттеріне шығуға мүмкіндік береді. Мысалы, штамптауға арналған және жоғары берік болат түрлері автокомпоненттер өндірісін локализациялауға, ал атмосфера әсеріне төзімді және конструкциялық болат теміржол вагондары, контейнерлер өндірісін кеңейтуге жағдай
жасайды, - деді министр.
Бұған дейін былтыр елімізде өңдеу өнеркәсібідегі өсім мен инвестициялық белсенділік артқанын жазған едік.