Оралда кәсіпкер мемлекеттік жер теліміне заңсыз кіріп кеткен
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласы орталығында кеңсе ғимаратын салып жатқан кәсіпкердің заңды бұзғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тарады.

Бейнежазбада қала тұрғыны Абай даңғылы мен Құрманғазы көшесі қиылысындағы (Абай даңғылы 53/1) жер иесінің үй ауласына кіретін тұсты жауып, қоршауды тротуарға тұрғызғанын, соның салдарынан автокөліктер кіріп-шыға алмайтынын айтады. Ал жаяу адамдар автокөлік жолымен жүруге мәжбүр.

Эколог Дархан Сариевтің сөзіне қарағанда, бұрын бұл аумақ Орал арматура зауытына тиесілі болған. Бос жатқан жерге ағаштар өздігінен өскенімен, ол сквер ретінде рәсімделмеген. Кейін бұл жер жекеге берілген.
Қала тұрғындары аталмыш аумақты сквер ретінде түсінгендіктен, биыл көктемде ағаштар оталып тасталған кезде наразылық танытқан болатын.

Кәсіпкер Тимур Қабдығалиев Instagram әлеуметтік желісінде Абай даңғылы 55 және Құрманғазы көшесі 156/1-мекенжай тұрғындарымен кездесуінде мәлім еткеніндей, бұл жерді ол өткен жылы сатып алған. Аталмыш аумақтан 17 ағаш кесілген. Соның орнына қаланың әр жерінен 215 түп терек отырғызып, оны өсіруге міндеттенген.
– Бұл орында үш қабатты бизнес орталығын салғым келеді. Оның бірінші қабатында қоғамдық тамақтандыру орны болады. Екінші және үшінші қабатында кеңселер орналасады. Сондай-ақ осы аумақта абаттандыру жұмыстарын да жүргіземін, - дейді кәсіпкер.

Осы мәселеге байланысты Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған болатын.
Әкімдік мәліметіне қарағанда, Орал қаласы жер қатынастары бөлімінің маманы Абай даңғылы 53/1-мекенжайында салынып жатқан құрылыс нысанын тексерген.
– Тексеріс барысында аталған мекенжайда қақпалар заңсыз орнатылғаны белгілі болды. Жер пайдаланушы тарапынан заңдылықтың бұзылғаны, атап айтқанда, мемлекеттік жер телімін өздігінен басып алу дерегі анықталды. Осыған байланысты ҚР Жер кодексінің 145-бабына сәйкес тексеру іс-шараларын жүргізу үшін биылғы 16 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолданды, - делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын экологтың әр қалада көлемі 30 гектар бір парк салынса, артық болмайтыны жөнінде жазған едік.
Сондай-ақ Оралда емхана алдындағы ескі сквер жойылып кете ме, соған байланысты әкімдік жауап берді.