Өрт сөндіру саласында 20 жылдан бері жұмыс істеймін - диспетчер

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Өртке қарсы қызмет диспетчері Айжан Бижанова ширақ қимылдап, тез шешім қабылдаудың шебері, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өрт сөндіру саласында 20 жылдан бері жұмыс істеймін -  диспетчер

Өрт, су секілді тілсіз жаумен күресіп, адамдарға көмек беруге асығатын мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы саланы жөн көрген Айжан Бижанова Ақтөбе облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметі, күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының аға инженері болып жұмыс істейді. Қазіргі кезде өрт сөндіру қызметіндегі жұмыс өтілі 20 жылдан асты. Тәжірибелі тәлімгерлердің арқасында Айжан Қуанышқызы мамандықтың ерекшелігі мен қыр-сырын тез меңгеріп алған.

Бүгінде ол өз ісінің шебері және жас мамандарға өзі тәлімгер болып жүр. Әрі «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінде тұрмыс құрды. Қазір баласы Данияр Бисинбаев ана жолын қуып, Өңірлік оқу орталығының қарауыл бастығы қызметін атқарса, келіні Әйгерім Бисинбаева Ақтөбе қаласы №4 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы болып жүр.
«Өрт болған сайын мен қатты уайымдаймын. Бірақ кез келген жағдайда сабырлы болуды үйрендік. Дегенмен жанып жатқан үйде балалар мен зейнеткерлер бар екенін білсем мазасызданып, бір хабарын алғанша асығамын. Кейде телефон арқылы адамның үрейленбеуін және үйден жылдам шығып кетуін түсіндіремін. Өрттің дер кезінде сөндірілгенін білген сәтте менің қуанышымда шек болмайды», - дейді диспетчер.
Өртке қарсы қызметтің диспетчері - шұғыл көмекке мұқтаж адаммен сөйлесетін бірінші адам және қажетті нұсқаулар беріп, қиын жағдайға тап болғандарды аман алып қалатын маман. Айжан Қуанышқызы дәл осы жауапкершілігі жоғары мамандықты таңдағанына еш өкінбейді әрі құтқару жұмыстары сәтті аяқталса арқадан ауыр жүк түскендей бір серпіліп қалады.