Өскеменде қираған Шнайдер көпірі бір жылда қайта салынбақ
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласындағы Шнайдер көпірінің құрылысына қатысты нақты мерзімдер белгілі болды. Жобаны бір жылдың ішінде толық аяқтау жоспарланған.
Бұл туралы облыс әкімінің тұрғындармен өткен есептік кездесуінде айтылды.
— Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастап, оны толық аяқтауды көздеп отырмыз, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Шнайдер көпірі қала үшін маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Көпірдің салынуы қолданыстағы өткелдерге түсетін көлік жүктемесін азайтып, әсіресе таңертеңгі және кешкі кептелістерде Өскеменнің әр ауданы арасындағы көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Билік өкілдері жобаны іске асыру барысында көпірдің өткізу қабілетімен қатар, жол қозғалысының қауіпсіздігіне де баса назар аударылатынын атап өтті. Жобалық-сметалық құжаттама толық әзірленгеннен кейін нысанның нақты құны мен қаржыландыру көздері белгілі болады.
Еске салсақ, бұған дейін ШҚО-да Шнайдер көпіріндегі апаттан кейін басқарма басшысы қызметінен кеткені хабарланған.