Отбасы банк 70 мың салымшыға 1,6 трлн теңге жеңілдетілген ипотекалық қарыз береді

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл «Бәйтерек» холдингі тұрғын үй құрылысына шамамен 2,4 трлн теңге сомасында қолдау көрсетеді. Бұл туралы холдингтің басқарма төрағасының бірінші орынбасары Болат Айдапкелов айтты.

баспана
Коллаж: Kazinform/ Canva

Былтыр да Бәйтерек холдингі өзінің еншілес ұйымдары – Қазақстан тұрғын үй компаниясымен және Отбасы банкпен бірлесіп, тұрғын үй құрылысына жалпы 2,35 трлн теңге сомасында қолдау көрсеткен.

– Қазақстан тұрғын үй компаниясының қаржы көздері мен нарықтық қарыздары есебінен тұрғын үй құрылысын қолдау сомасы 707,5 млрд теңгеге жетті. Бұл 3 млн шаршы метр тұрғын үйді немесе 35,6 мың пәтерді қолданысқа беруге мүмкіндік берді. Ел бойынша көппәтерлі тұрғын үйді іске қосудағы Қазақстан тұрғын үй компаниясының үлесі 22% көрсетті, – деді Б.Айдапкелов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

238,2 млрд теңге көлеміндегі облигациялық қарыздар нарықтық шарттармен тартылып, өңірлерге бағытталған. Оның ішінде жалға берілетін тұрғын үйге – 150,4 млрд теңге (9,4 мың пәтер), инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге – 87,8 млрд теңге бөлінген.

Кредиттік тұрғын үйді қаржыландыру шеңберінде 140,2 млрд теңгеге әкімдіктердің бағалы қағаздары сатып алынды. Осылайша, қазіргі ресурстармен нарықтық қаражатты араластыру есебінен 1,8 млн шаршы метр немесе кезекте тұрғандар үшін 23 мыңға жуық әлеуметтік пәтер белгіленген бағамен берілді.

Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша 2025 жылы Отбасы банк халыққа жалпы сомасы 1 трлн 645 млрд теңгеге 77 148 қарыз берген.

– 2026 жылы баспанаға мұқтаж 70 мыңнан астам отбасына Отбасы банктің барлық бағдарламалары бойынша жеңілдетілген ипотекалық кредит арқылы 1 трлн 630 млрд теңгеге ипотекалық қарыз беру жоспарланып отыр, – деді Б.Айдапкелов.

Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды салу мен жаңғырту үшін өңірлерге 29,3 млрд теңге көлемінде нарықтық қаражат бағытталды, бұл жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау және су бұру жобаларын уақытылы іске асыруға мүмкіндік берді.

– Қазақстан тұрғын үй компаниясы үлестік құрылысқа кепілдік беру тетігі мен өз бағдарламалары шеңберінде 299,8 млрд теңгеге құрылыс салушылардың жобаларын қолдады, бұл 10 мың үлескердің құқықтарын қорғауға және 1,5 мың пәтер салуға мүмкіндік берді. Биыл Қазақстан тұрғын үй компаниясы арқылы қолдау сомасы 700 млрд теңгеден асып, шамамен 2,2 млн шаршы метр тұрғын үй (30 мың пәтер) тапсырылады, – деді холдинг өкілі.

Еске сала кетсек, былтыр рекордтық көлемде тұрғын үй пайдалануға берілген.

Сондай-ақ 2025 жылы кезекте тұрған 14,5 мың адам баспаналы болған.

Соңғы жаңалықтар
Референдум