Өз міндетін орындамайтын ата-аналар көбейіп келеді – Комитет
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ата-аналық міндеттерді тиісінше орындамауға байланысты әкімшілік құқықбұзушылықтар артып келеді. Соңғы 5 жылда мұндай жағдайлар 3,5 есе көбейген. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова айтып берді.

Ата-аналық міндетті тиісінше орындамауға байланысты әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 2020 жылы 5 мың жағдай тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 19 мыңға дейін жеткен. Сондай-ақ 5 жылда кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз үйден тыс жерде жүретін құқықбұзушылықтар 2 есе – 2020 жылғы 65 мың жағдайдан 2024 жылы 112 мың жағдайға дейін көбейген.
− Балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болу фактілері де 844 жағдайдан 2406 жағдайға дейін 3 есеге жуық көбейген. Бұл мәліметтер ерекше назар аударуды талап етеді. Күн жылынғанда терезеден құлау, суға бату және балаларға қатысты басқа да оқыс оқиғалар көбейеді. Талдау көрсеткендей, терезеден құлаудың шамамен 80%-ында 2-5 жас аралығындағы балалар зардап шегеді. Суға бату жағдайларының да 90%-ында балалар ересектердің тиісті бақылауынсыз су жағасында жүрген. Сондай-ақ, балалар тұрмыстық жарақат алу, жол-көлік оқиғалары мен өрт салдарынан да құрбан болып отыр, − деді Н.Оспанова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, «ДОСБОЛLiKe» буллингке қарсы жобасы еліміздің барлық мектептері мен колледждеріне енгізіледі.
Сондай-ақ, еліміздің барлық өңірінде балалар мен ата-аналарға кәсіби көмек көрсететін Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Онда шамамен 250 мың адам көмек алды.