Өзбекстан мен АҚШ сауда-инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева АҚШ сауда министрінің орынбасары Дэвид Фогельмен кездесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Келіссөзде тараптар ресми Ташкент пен Вашингтон арасындағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, олар сауда және инвестициялық ықпалдастықты кеңейтуге ерекше назар аударды.
Америкалық компаниялардың Өзбекстандағы инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға қызығушылығы артып келеді. Тараптар осы мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, жаңа жұмыс орындарын құру, қаржы тарту және ұлттық экономиканы дамытуға серпін беретін бағдарламаларды іске асыруға ниетті.
Кездесу соңында Саида Мирзиёева мен Дэвид Фогель сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екендерін мәлімдеп, ынтымақтастықты бекемдей түсуге уағдаласты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл Өзбекстан мен Иран үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын өткізеді.
Сондай-ақ, көршілес ел президенті Шавкат Мирзиёевтің айтуынша, 2026 жылы Өзбекстан экономикасының өсімі 8%-дан жоғары болады7