Өзбекстан Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленістің өршуіне алаңдаулы

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбек тарапы Үндістан мен Пәкістанды ұстамдылық танытып, жағдайды бейбіт жолмен шешуге шақырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Өзбекстан Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленістің өршуіне алаңдаулы
Фото: Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі

— Өзбекстан Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленістің өршу қауіпіне алаңдаулы. Екі тарапты да ұстамдылық танытып, жағдайдың одан әрі ушығып кетуіне жол бермеу мақсатында дипломатиялық диалог жүргізуге шақырамыз. Өзбекстан жағдайды тұрақтандыруға және бейбіт жолмен шешуге бағытталған кез келген халықаралық немесе аймақтық бастамаларды қолдауға дайын, — делінген Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Қоса кетсек, бұған дейін СІМ Үндістан мен Пәкістан арасындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты мәлімдеме жасаған еді.

Еске сала кетсек, 22 сәуірде қарулы адамдар Джамму мен Кашмир одағы аумағындағы әйгілі туристік қала — Пахалгамда террорлық шабуыл жасаған болатын. Әскери киім киген адамдар автоматтармен оқ жаудырған, 25 үнді азаматы мен 1 непалдық қаза тапты. Қылмыскерлер оқиға орнынан қашып үлгерген.

Үндістан Пахалгамдағы терактіден кейін Пәкістанға қарсы шаралар жариялады.

Үндістан мен Пәкістан соққыларын күшейте түсті. 

Соңғы жаңалықтар