Көршілес елде қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар көбейді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ақпанда Өзбекстанда шетелдік капиталмен жұмыс істейтін кәсіпорындар саны бірден 340-қа көбейді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қазақстан Өзбекстан
Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Ұлттық статистика комитетінің 1 наурыздағы дерегіне сай, Өзбекстанда шетелдік капиталмен 15 503 компания жұмыс істеп тұр.

Бұл ретте қытайлық кәсіпорындардың үлесі басым. Ақпан айында олардың қатары 109-ға көбейіп, жалпы саны 3 576-ке жетті.

Одан кейін 3 016 компаниямен Ресей тұр. Үштікті Түркия түйіндейді. Аталған елдің кәсіпкерлері Өзбекстанда 1 899 кәсіпорын құрған.

Сонымен қатар, қазақстандық инвесторлардың да белсендігілі байқалады. Атап айтқанда, бір айдың ішінде біздің ел Өзбекстанда 22 кәсіпорын ашты. Осылайша, қазір ресми Ташкентте қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар саны 1 082-ге теңелді.

Еске салайық, биыл қантар айында Өзбекстанда қазақстандық капиталмен мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп тұрғанын жазып едік.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстан арасында қосымша 4 сауда дәлізі ашылуы мүмкін. Сондай-ақ, Ташкентте Қазақстанның, Астанада Өзбекстанның сауда орталығы салуы мүмкін. Бұл ретте екі ел арасындағы өңіраралық байланыс нығайып келеді.

Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд доллардан асты. Қамтылып отырған кезеңде ресми Ташкент Астанаға 1,4 млрд доллардың тауарын экспорттап, 2,8 млрд доллардан астам сомаға тауар импорттаған.

Сондай-ақ, кейінгі 5 айда Қазақстан Өзбекстанға 2 млн тонна астық экспорттады.

Соңғы жаңалықтар