Өзбекстанда жүкті әйелдерді жұмыстан шығаруға тыйым салынды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның Еңбек кодексіне бірқатар өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Кодекстің жаңа редакциясына сай, енді жұмыс берушілер жүктілікке және бала тууға байланысты әйелдерді жұмыстан шығара алмайды.
Айта кетейік, құжаттың бұған дейінгі нұсқасында осыған ұқсас жағдайларға қатысты тек шектеулер болатын. Яғни, жұмыс берушіге жүкті әйелдерді мүмкіндігінше қызметтен босатпау және оларды басқа жұмысқа ауыстырмау ұсынылатын.
Сонымен қатар енді өзбекстандықтарға еңбек шартын электрондық форматта рәсімдеу мүмкіндігі беріледі. Ол үшін «Бірыңғай ұлттық еңбек жүйесінің» платформасы қолданылады.
Еске салайық, биыл Өзбекстан үкіметі 5,2 млн адамға жұмыс ұсынып, кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан 1,5 млн тұрғынның жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды қабылдамақ.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда 500 әйелді автобус жүргізушісі мамандығына оқыту жоспарланып отыр.