Өзбекстандағы парламент сайлауында қанша азаматтың дауыс бергені белгілі болды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Сағат 11.00-дегі мәліметке сай, Өзбекстанда өтіп жатқан парламент сайлауында азаматтардың 29,58% дауыс берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

сайлау
Фото: Өзбекстанның Орталық сайлау комиссиясы

Орталық сайлау комиссиясынан мәлім еткендей, қамтылып отырған аралықта сайлаушылар тізіміне енген 19,9 миллионнан астам өзбекстандықтың 5,9 миллионы өз таңдауын жасады. Оның ішінде Ферғана (34,9%), Хорезм (33,2%) және Андижан (33%) облыстарында дауыс бергендердің үлесі басым.

Шет елдерде орналасқан сайлау учаскелеріде дауыс бергендер туралы дерек 28 қазанда жарияланады. 

сайлау
Фото: Өзбекстанның Орталық сайлау комиссиясы

Еске салайық, бүгін Өзбекстанда Заң шығару палатасына (парламенттің төменгі палатасы) және облыс, қала мен аудан кенгаштарының депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Дауыс беру 20:00-ге дейін жалғасады.

Биыл парламент сайлауы тұңғыш рет пропорционалды-мажоритарлық жүйемен өтеді.

Сонымен қатар, сайлау күні түрлі себептерге байланысты тұрғылықты мекенжайында бола алмайтын тұрғындар үшін 16-23 қазан аралығында мерзімінен бұрын дауыс беру ұйымдастырылды. Онда 1 миллионнан астам сайлаушы өз таңдауын жасады.

Еске салсақ, парламент сайлауына 5 партия қатысып жатыр: Өзбекстанның либералдық-демократиялық партиясы, Өзбекстанның экологиялық партиясы, Халықтық-демократиялық партия, «Милли тикланиш» демократиялық партиясы және «Адолат» социал-демократиялық партиясы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстандағы парламент сайлауында кейбір учаскелерге электрондық дауыс беру жүйесі енгізілді.

Соңғы жаңалықтар
telegram