Өзбекстандағы парламент сайлауының алдын ала қорытындысы жарияланды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда өткен парламент сайлауында 19,9 млн сайлаушының 74,72% дауыс берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысына сай, Заң шығару палатасындағы (парламенттің төменгі палатасы) жалпы саны 150 орынның 64-ін Өзбекстанның либералдық-демократиялық партиясы иеленді.
Ал «Милли тикланиш» («Ұлттық жаңғыру») демократиялық партиясы 29 мандат алса, «Адолат» («Әділет») социал-демократиялық партиясынан 21 депутат сайланады. Сонымен қатар, Халықтық-демократиялық партиясынан - 20 адам, Өзбекстанның экологиялық партиясынан 16 азамат депутат атанады.
Еске салайық, кеше Өзбекстанда парламент сайлауы өтті. Биыл сайлау тұңғыш рет пропорционалды-мажоритарлық жүйе негізінде ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, сайлау күні түрлі себептерге байланысты тұрғылықты мекенжайында бола алмайтын тұрғындар үшін 16-23 қазан аралығында мерзімінен бұрын дауыс беру ұйымдастырылды. Онда 1 миллионнан астам сайлаушы өз таңдауын жасады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстандағы парламент сайлауында кейбір учаскелерге электрондық дауыс беру жүйесі енгізілді.