Пәкістан мешітіндегі жарылыстан қаза тапқандар саны 59-ға жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Пәкістанның Пешавар қаласындағы мешітте болған жарылыстан кемінде 59 адам қаза тауып, 150-ден астамы жараланды. Жарылыс түскі намаз кезінде болған, ғимараттың бір бөлігі қирап, көп адам үйінді астында қалып қойған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.
None

Жарылыстың себебі анықталып жатыр. Билік намазға қатысушылар арасында полиция қызметкерлері көп болғандықтан, бұл алдын ала жоспарланған мақсатты іс болуы мүмкін дейді.

Қауіпсіздік қызметі өкілдерінің айтуынша, намаз оқып жатқандардың алдыңғы қатарында тұрған жанкешті өзін-өзі жарып жіберген. Әзірге шабуылды ешбір топ өз мойнына алған жоқ.

Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф жарылыс жасағандарды айыптап, олардың исламға еш қатысы жоқ екенін айтты.

Жарылыс түскі намаз кезінде болған және әлеуметтік желіде тараған Би-би-си растаған видеода мешіт қабырғасының жартысы опырылып, аман қалғандар кірпіш үйінділерінің астынан шығуға мәжбүр болғаны көрсетілген.

Қазір оқиға орнында құтқарушылар тірі қалғандар мен қаза тапқандарды іздеу операциясын жалғастырып жатыр.

Пешавардағы Леди Рединг ауруханасында төтенше жағдай жарияланды – жаралылар әлі де келіп жатыр, көбінің жағдайы ауыр.

Өткен наурызда Пешаварда шииттердің мешіті жарылып, ондаған адам қаза тапты. Исламабадта полиция лаңкестік қауіп-қатердің жоғары деңгейін жариялап, астанадағы және одан тыс жерлердегі барлық бақылау-өткізу бекеттерінде тексеру күшейтілді.

Бұған дейін жарылыстан 32 адам қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.

Фото: bbc.com


Соңғы жаңалықтар