Пәкістан астанасы мешітіндегі жарылыстан қаза болғандар бар
АСТАНА.KAZINFORM - Пәкістан астанасы Исламабадтағы шейіттер мешітінің маңында болған жарылыстан кем дегенде 31 адам қаза тапты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Полиция тағы шамамен 170 адамның жарақат алғанын хабарлады.
DW мәліметінше, қайғылы оқиға намаз кезінде болған.
Жарылыс мешіттің кіреберісінде жасалған.
Куәгерлердің айтуынша, шабуылдаушы қауіпсіздік күштеріне оқ жаудырып, содан кейін мешіттің ішіндегі жарылғыш белдігін жарып жіберген.
Оқиға орнына жедел жәрдем көліктері жіберілді.
Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, жараланғандардың көпшілігі ауыр халде.
Жергілікті Dawn газетінің мәліметінше, Исламабадтағы ауруханада төтенше жағдай жарияланды.
Соңғы жылдары Пәкістанның шекаралас аймақтарында зорлық-зомбылық экстремистік шабуылдар саны артты. Мысалы, Ислам мемлекеті (ИМ, Қазақстанда тыйым салынған) террористік тобы Пәкістан халқының шамамен 20 пайызын құрайтын шейіттерге қарсы ұдайы шабуыл жасайды. Алайда, мұндай қайғылы оқиғалар ел астанасы мен ірі қалаларда сирек кездеседі.
Бұған дейін Иранның бірнеше қаласында жарылыс болғаны хабарланған.