Пәкістан халқы да аза тұтты
АСТАНА. KAZINFORM – ХАМАС саяси бюросының төрағасы Исмаил Ханияның қазасына байланысты бүгін, 2 тамызда Пәкістан халқы да аза тұтты. Бұл туралы «Daily Pakistan» хабарлады.

Елдің түкпір-түкпіріндегі мешіттерде жұма намазынан кейін мұсылман дәстүрі бойынша Ханияның символдық жерлеу рәсімі өтетіні хабарланды.
Ұлттық аза тұту күнін белгілеу туралы шешім бір күн бұрын Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф пен билеуші коалиция партияларының парламенттік фракциялары жетекшілерінің кездесуінде қабылданған болатын.
– Пәкістан Израильдің Палестинадағы геноцид кезінде Ханияның өлтірілуін айыптайды. Халықаралық қауымдастықтың Израильдің Палестинада жалғасып жатқан жауыздығына үнсіз қалуы үлкен алаңдаушылық туғызады, – деді министрлер кабинетінің басшысы.
Ақпарат үшін, 31 шілдеде ХАМАС саяси кеңсесінің басшысы Хания мен оның бір оққағары Тегерандағы резиденцияға жасалған шабуылдан кейін қаза тапқан болатын. Кеше, 1 тамызда Иран Ислам Республикасының рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменей Тегеран университетінде Исмаил Ханияға жаназа намазын оқыды. Хания бүгін, 2 тамызда Дохада жерленеді.
Бұған дейін Түркияда ұлттық аза тұту күні жарияланғаны туралы жазған едік.