Пәкістан Қазақстанда тыңайтқыш өндіруге ниетті — Министр сапарында қандай келісім орнады
ИСЛАМАБАД. KAZINFORM — ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитеті төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Қазақстан мен Пәкістан арасында инвестициялық қатынастардың қай бағытта өрбитінін айтып берді және тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізу мақсаты туралы пікір білдірді.

Оның айтуынша, 250 миллион халқы бар Пәкістанның Қазақстанға қызығушылығы артып келеді. ҚР Сыртқы істер министрінің ресми сапарында екі ел арасында сауда, логистика, ауыл шаруашылығы, IT, қаржы салаларында 20-ға жуық келісімге қол жеткізілді.
– Ең алдымен Пәкістан қазақстандық логистикалық компанияларымен ынтымақтастық құру ниетін білдіріп отыр. Бұл екі тарапқа да өте пайдалы. Өйткені Қазақстан мен Пәкістан арасында логистиканы дұрыс құрар болсақ, тауар айналымы артады. Оған қоса, Пәкістан компаниялары ауыл шаруашылығында тыңайтқыштарды пайдалануға ынталы. Сондықтан пәкістандық Fauji Group Қазақстанда калий, фосфат және азот тыңайтқыштарын өндіруді және оны терең өңдеуден өткізіп, өз еліне тасымалдау туралы келіссөздер жүргізіп келеді. Егер бұл жоба жүзеге асса, елімізде өндіріс дамиды, ол тауарды экспорттаймыз және жаңа жұмыс орындары құрылады. Оффтейк келісімшарттармен, яғни тауарды алдын ала сату арқылы өндіріс компанияларын ынталандырамыз. Бұл қосымша инвестиция, қосымша қаражат, – деді Ғ. Оспанқұлов агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Пәкістандық кәсіпкерлер басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде картопты Қазақстанда өсіру және басқа елдерге тасымалдау мәселесін де талқылаған. Сонымен бірге, инвестицияны дамыту саласында пәкістандық тарап Қазақстанның логистикалық инфрақұрылымына қаржы салғысы келеді.
– Бұл арқылы біз Транскаспий магистралін дамытамыз, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғайтын дәліз де дами түседі. Мұның біз екі жолын қарастырып отырмыз, біріншіден Пәкістанның Карачи порты арқылы теңізге жол ашуға болады және құрлық арқылы теміржолды дамытуға болады, – деп атап өтті министрлік өкілі.
IT саласында да Қазақстанның жетістіктерін пәкістандық тарап қызығушылықпен зерттеп жатыр және өз мемлекетінде пайдаланғысы келеді.
– Оның ішінде E-Gov, мемлекеттің халыққа беретін қызметтерін автоматтандыру және цифрландыру бойынша Қазақстанның жетістіктері зерделеніп жатыр. Оған қоса, FinTech бағытында – банк, қаржы саласындағы қарым-қатынасты күшейту арқылы технологияларымызды трансферлейміз. Бұл да қазақстандық өнімдердің экспортқа шығу әлеуетінің жоғары екенін көрсетіп отыр. Пәкістандық «Askari bank» екі елдің бизнесінің қаржылай төлем жүргізетін корреспонденттік шоттарды ашу үшін «Банкцентркредитпен» келісім орнатып жатыр, – деді спикер.
Білім беру саласындағы ынтымақтастық та жолға қойылып келеді. Оның ішінде медициналық оқу орындарының пәкістандық студенттерді оқытуы, қазақстандық университеттердің Пәкістанда жұмыс істеуіне жол ашу бойынша келісімдер бар.
– Тасымалдау, екі ел халқының туристік алмасуы бойынша тікелей әуе рейстерін ашу мәселесі де көтерілді. Өйткені Қазақстан мен Пәкістан уақыт бойынша жақын орналасқан, Астанадан 3 сағатта, Алматыдан 1,5-2 сағатта ұшып жетуге болады. Сондықтан осы саланы дамытсақ, туристік ағын да көбейеді. Бұл үшін қос мемлекеттің әуе компанияларымен талқылау жүргізіледі, себебі әрбір рейс пайдалы, тиімді болуы керек. Қазір екі ел арасында әуе рейсі жоқ, – деді Ғ.Оспанқұлов.
Спикер Қазақстан мен Пәкістан арасындағы тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізу әбден мүмкін екенін айтып отыр.
– Бизнестің көтеріп отырған мәселесі – байланыс орнату. Яғни логистика, транспорт тасымалдау маршруттарын күшейтуіміз керек. Бұл мультимодалдық бағытта болады, әуе, теміржол, автокөлік, оған қоса, теңіз арқылы тасымалдауды да қарастырып отырмыз. Тауарлық позициялардың санын да көбейтеміз. Былтырғы жылмен салыстырғанның өзінде қарқынды өсім байқалады. Қазір транспорттық логистикалық маршруттарды тағы күшейте аламыз, өйткені бірнеше логистикалық компаниялар Қазақстанға келуге мүдделі. Бұл Қазақстанға да тиімді. Сондықтан екі жақтан көлік-логистикалық консорциум құрылса, бұл тауар айналымына өте жақсы септігін тигізеді. Шамамен 1-2 жылда 1 млрд доллар межесіне жете аламыз, – деді Ғабидолла Оспанқұлов.
Айта кетейік, Қазақстан мен Пәкістан 2025–2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойды.