Пәкістан мен Ауғанстан атысты 48 сағатқа тоқтатуға келісті
АСТАНА. KAZINFORM — Атысты тоқтату 15 қазаннан Исламабад уақытымен 18:00–ден бастап (Астана уақытымен бірдей) күшіне енді, деп хабарлайды Reuters.
Пәкістан Сыртқы істер министрлігі екі тараптың диалог арқылы осы күрделі мәселенің оң шешімін табу үшін бар күш-жігерін салатынын айтты.
Бір апта бұрын екі ел арасындағы шиеленіс күшейіп, шекарада қарулы қақтығыстар мен атыс болған.
Екі тарап бір-бірін шиеленісті күшейтті деп айыптады.
Бұған дейін Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында әскери қақтығыстар болып жатқаны хабарланған болатын.
12 қазанда Кабул Қатар мен Сауд Арабиясының өтініші бойынша шабуылдарды тоқтатқанын мәлімдеді. Алайда Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында жаңа әскери қақтығыстар басталды.
Сондай-ақ бұдан бұрын Пәкістанның өз әскерін жоғары дайындыққа келтіргенін хабарлағанбыз.