Пәкістан өзі құрастырған жаңа авиациялық зымыранды сынақтан сәтті өткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістан қарулы күштері елде алғаш рет өздері жасап шығарған Faaz атты «әуе — әуе» санатындағы зымыранды сынақтан сәтті өткізді. Бұл туралы Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлады.

Пәкістан өзі құрастырған жаңа авиациялық зымыранды сынақтан сәтті өткізді
Фото: ISPR / Пәкістан қарулы күштері

Бұл туралы Пәкістан қарулы күштерінің қоғаммен байланыс жөніндегі ведомствоаралық басқармасы (ISPR) мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, зымыран заманауи нысанаға бағыттау жүйесімен жабдықталған. Оның көмегімен әуедегі нысаналарды алыс қашықтықтан жоюға болады.

ISPR өкілдері Faaz зымыранын қару-жарақ қатарына қосу Пәкістан әуе күштерінің жедел мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, елдің қорғаныс қабілетін нығайтатынын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Германия мен Ұлыбритания қашықтығы 2 мың шақырымнан асатын нысаналарды дәл көздеп жоюға қабілетті жоғары дәлдіктегі қаруды бірлесіп әзірлеуді жоспарлап отырғаны хабарланған еді. Германия гипердыбыстық қару жасаса, Ұлыбритания жаңа қанатты зымыран әзірлеуге кіріседі.