Пәкістанда содырлар басып алған пойыздың 150-ден астам жолаушысы құтқарылды

АСТАНА. KAZINFORM – «Белуджистан азат ету армиясының (BLA) экстремистік тобының содырлары сейсенбі күні Кветтадан Пешаварға бара жатқан Jaffar Express пойызын басып алғаны үшін жауапкершілікті өз мойнына алды.

 Пәкістанда террористер басып алған пойыз
Фото: AFP

Содырлар 200-ге жуық адамды кепілде ұстап отырғанын алға тартып отыр, деп хабарлайды India Today.

Сәрсенбі күні таңертеңгі жағдай бойынша қауіпсіздік күштері жүргізіп жатқан операция барысында кемінде 155 жолаушы құтқарылып, 27 содыр өлтірілді.

Белуджистан провинциясының тәуелсіздігіне ұмтылған BLA қазіргі уақытта 214 адамды кепілде ұстап отырғанын және кем дегенде 30 қауіпсіздік қызметкерін өлтіргенін жариялады. Пәкістан билігі бұл мәліметті әлі растаған жоқ.

Экстремистік топ 48 сағат ішінде әскерилер ұрлап кетті деп шамаланған саяси тұтқындарды, белсенділерді және із-түзсіз жоғалған адамдарды босатуды талап етті. Содырлар талаптары белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда кепілге алынғандарды, соның ішінде әскери қызметкерлерді өлтіреміз және пойызды «толығымен қиратамыз» деп қорқытты.

Қауіпсіздік қызметіндегі дереккөз Reuters агенттігіне Jaffar Express бортындағы 425 жолаушының 80-і әскери қызметкер екенін хабарлады. Тағы бір дереккөз құтқарылған 104 жолаушының 17-сі жарақат алғанына байланысты емдеу үшін ауруханаға жеткізілгенін қосып өтті.

Қауіпсіздік күштері тұтқындарды құтқару операциясын жалғастырып жатыр.

Еске салайық, сейсенбі күні содырлар Гудалар мен Пиру Кунри таулы аймағының маңындағы Машкаф туннелінен өтіп бара жатқанда тоғыз вагонда 425 жолаушы мінген Jaffar Express пойызына оқ жаудырған. Пойызды басып алмас бұрын көтерілісшілер жолдарды жарып жіберіп, оны шалғай аймақта тоқтауға мәжбүрлеген.

Еске сала кетсек, Пәкістанда содырлар пойыздың 450 жолаушысын кепілге алғанын жазған болатынбыз.

Geo TV арнасының хабарлауынша, экстремистер темір жолды жарып жіберіп, кейін пойызға оқ жаудырған. Пойыз жүргізушісі зардап шекті. Шабуыл кезінде пойыз күзетшілері мен содырлар арасында атыс болды.

Соңғы жаңалықтар