Пәкістанда сот жеті адамға айрықша қатаң жаза тағайындады
АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістанда қатарында біреше журналист, комментатор, инфлюенсер, сарапшы және бұрынғы әскери қызметкері бар жеті адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру және одан бөлек те үш бап бойынша тағы 10, 10 және 5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл туралы Dawn басылымы жазды.
Исламабадтағы терроризмге қарсы сот оларды 2023 жылғы 9 мамырда экс-премьер-министр Имран Ханның тұтқындалуынан кейін болған тәртіпсіздіктер кезінде халықты зорлық-зомбылыққа арандатты және бүлікшілерді қолдады деп таныды.
Сот шешімі 2 қаңтар күні судья Тахир Аббас Сипраның төрағалығымен сырттай өткен сот отырысының нәтижесінде шығарылды. Сотталғандар қатарында ютубер Адил Раджа, журналистер Важахат Саид Хан, Сабир Шакир, Шахин Сехбаи, тележүргізуші Хайдер Раза Мехди, сарапшы Моед Пирзада және бұрынғы әскери қызметкер Акбар Хусейн бар.
Айыптау тарапының мәлімдеуінше, олар интернет платформаларды пайдалана отырып, мемлекетке қарсы шабуылдарды қоздырған, жеңілдеткен және күшейткен, бұл «мемлекеттік институттарға қарсы цифрлық терроризм» ретінде бағаланған. Тәртіпсіздіктер кезінде мемлекеттік және әскери нысандар да бүлінген.
Сот екі негізгі айып бойынша — Пәкістанға қарсы соғыс ашу немесе оған жәрдемдесу және қылмыстық сөз байласқаны үшін күдіктілерге өмір бойғы түрме жазасын тағайындады. Сонымен қатар олардың әрқайсысына екі қылмыс бойынша 500 000 рупий көлемінде айыппұл төлеу міндеттелді.
Бұдан бөлек, Пәкістан Қылмыстық кодексінің 121-A-бабы бойынша (Пәкістанға қарсы соғыс жүргізу немесе соған әрекет жасау қылмысына қатысты сөз байласу) 10 жылға қатаң режимдегі түрме жазасы және 200 000 рупий айыппұл тағайындалды.
Сондай-ақ олар Пәкістан Қылмыстық кодексінің 131-бабы бойынша (бүлікке арандату немесе сарбазды, теңізші мен әуе күштері қызметкерін қызметтік міндетін орындамауға үгіттеу) қосымша 10 жылға бас бостандығынан айыру және 200 000 рупий айыппұл жазасына кесілді.
Бұған қоса, 1997 жылғы Терроризмге қарсы күрес туралы заң аясында үш бап бойынша әрқайсысы 5 жылдан үш қосымша жаза тағайындалды. Сонымен бірге осы үш қылмыстың әрқайсысы үшін 200 000 рупийден айыппұл салынды.
Сот қаулысына сәйкес, егер олар өздеріне тағылған кез келген қылмыс бойынша айыппұлды төлемеген жағдайда бас бостандығынан айыру мерзімі әрбір құқық бұзушылық үшін алты айға ұзартылады.
Барлық жазалар қатар өтеледі. Сотталғандарға жеті күн ішінде Исламабад жоғары сотына шағым түсіру құқығы берілді. Елге оралған жағдайда оларды қамауға алуға рұқсат етілген.
Amnesty International және «Шекарасыз тілшілер» ұйымдары бұл істі бұрыннан сынға алып, Пәкістанда оппозициялық және сыншыл пікірлерді басу үшін терроризм мен бүлік туралы заңдардың қолданылып жатқанын атап өткен.
Еске сала кетсек, Пәкістанда бұрынғы премьер-министр Имран Хан ұсталғаннан кейін халық наразылыққа шыққанын жазғанбыз.
Ал Имран Хан феномені Пәкістан мен өңір өміріне қалай ықпал етуі мүмкін екенін мына сілтемеден оқи аласыз.