Пәкістандағы терроризмге қарсы операция кезінде 30 лаңкестің көзі жойылды
АСТАНА. KAZINFORM – Операция кезінде 30 террористтің көзі жойылғаны хабарланды, деп жазады Анадолы.

Пәкістандық әскерилер Белуджистан провинциясында лаңкестерге қарсы операцияның аяқталғанын мәлімдеді.
Geo News хабарлауынша, Пәкістан армиясының қоғаммен байланыс бөлімі (ISPR) жолаушылар пойызына жасалған шабуылға қатысты мәлімдеме жасаған.
– Лаңкестерді залалсыздандыру және жолаушыларды босату операциясы аяқталды, – делінген мәлімдемеде.
Армия пойызға шабуыл жасағандардың барлығы залалсыздандырылғанын хабарлады.
Белуджистандағы пойызға шабуыл
12 наурызда Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Белуджистан провинциясында шамамен 450 адам мінген пойызға қарулы шабуыл ұйымдастырылды. Пойыз Кветтадан Пешаварға бет алған.
Шабуылды Белуджистан азат ету армиясы ұйымдастырған. Шенеуніктердің айтуынша, содырлар көптеген жолаушыларды кепілге алған.
– Пойыз тоқтаған аймақ таулы болғандықтан, күдіктілерге шабуылды жоспарлау оңайға соқты, – дейді шенеуніктер.
Қауіпсіздік қызметкерлері лаңкестер әйелдер мен балаларды тірі қалқан ретінде пайдаланғанын растады.
Пәкістан армиясындағы ақпарат көздері оқиғаны «теракт» деп атады.
Дереккөздер жан-жақты операция жүргізіліп, 30 террористтің залалсыздандырылғанын хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін Пәкістанда содырлар басып алған пойыздың 150-ден астам жолаушысы құтқарылғанын жазған едік.