Павлодар шаруалары рекордтық 1,1 млн тонна астық жинады

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар облысы ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялар бойынша көш бастап тұр. Өңірдің аграрлық жетістіктері туралы әкім Асайын Байханов айтып берді.

п
Фото: ОКҚ

Әкімнің айтуынша, соңғы 10 жылда өңір экономикасы біртіндеп әртараптанып келеді. Павлодар бұрын тек өнеркәсіптік-шикізат өңдейтін аймақ болса, қазір өңдеу өнеркәсібі дамып, ауыл шаруашылығы да өсім көрсеткен. 

– Әсіресе аймағымыз ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялар бойынша елде көш бастап тұр. Биыл бұл көрсеткіш 225 млрд теңгеге жеткізіледі. Нәтижесінде диқандар рекордтық 1,1 млн тонна астық жинады, – деді А. Байханов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Ауыл шаруашылығының осындай қарқынды дамуы азық-түлік бағаларының тұрақталуына да оң әсер етуде.

Қазірдің өзінде өңірде 16 азық-түлік тауарлары бойынша баға республика орташа деңгейінен төмен, ал 11 тауар бойынша Үздік-5 өңірдің қатарына кіреді.

Павлодар облысы елдегі қарақұмық өндірудің 65% пайызын қамтамасыз етеді, күнбағыс өнімінің бестен бір бөлігін, ал әр үшінші сәбіз бен картоп та осы өңірден келеді.

Бұған дейін Асайын Байханов Екібастұздағы жаңа зауыттарға зиянды заттарды ұстайтын сүзгілер орнатылғанын айтқан еді.

Айта кетейік, Павлодарға 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Осы нәтижемен өңір республикада 2-ші орында тұр.

Соңғы жаңалықтар