Павлодарда ауызсу мен электр жарығының тарифі өзгеруі мүмкін
Павлодарда кейбір коммуналдық қызметтердің тарифі өзгеріске ұшырауы ықтимал. Ақпан айынан бастап электр жарығы — 27%, ауызсу — 25,5%, кәріз жүйесін пайдалану 9%-ға өсуі мүмкін, деп хабарлайды Kazinform.
Өңірлік табиғи монополияларды реттеу департаментіне «Павлодар-Водоканал» мен «Павлодарэнергосбыт» компаниялары тарифті көтеру жөнінде өтінім жолдады.
Сумен жабдықтаушы кәсіпорын ауызсудың орташа тарифін 25,5 пайызға, яғни қазіргі 140,53 теңгеден 176,32 теңгеге дейін өсіруді сұрайды.
Ал электрмен жабдықтаушы мекеме 1 киловатт — 23,10 теңге қолданыстағы тарифін 29,31 теңгеде дейін өзгертуге ниетті.
Яғни жарық қызметінің бағасы бірден 27 пайызға артуы мүмкін.
Бұған қоса «Водоканал» ЖШС кәріз жүйесін пайдаланғаны үшін төленетін қызмет құнын 9 пайызға — 100,68 теңгеден 109,89 теңгеге арттыруды көздеп отыр.
Павлодар облысы табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов аталған өтінімдер қарастырылу үстінде екенін хабарлады.
Шаһарда жария тыңдау мен қоғамдық талқылаулар өтеді.
Еске салып өтейік, бұған дейін Екібастұз қаласында жылу бағасы өзгерген еді.
Павлодар облысы табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Екібастұзда жылу тарифінің не үшін өскенін түсіндірді.