Павлодардағы дауылдың салдары: 76 ғимараттың төбе жабындысы зақымданған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Облыс аумағында болған қатты желдің салдарынан 76 ғимараттың төбе жабындысына зақым келген. Оның 14-і әлеуметтік нысандар екені анықталды. 

Павлодардағы дауылдың салдары: 76 ғимараттың төбе жабындысы зақымданған
Фото: Павлодар облысы төтенше жағдайларлар департаменті

Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті 7 қараша күні Павлодар облсының аумағында болған сұрапыл дауылдың салдары туралы соңғы мәліметтермен бөлісті.

– Павлодар облысының аумағында болған қатты желдің (жылдамдығы секундына 28 метрден асты) салдарынан 76 нысанда төбе жабындысы зақымданды. Оның 14-і – әлеуметтік нысандар. Тұтастығына нұқсан келген ғимараттар Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында және Баянауыл, Железин, Ақтоғай, Май, Павлодар, Тереңкөл, Ертіс аудандарында орналасқан. Қазіргі уақытта облыстың 18 елді мекенінде электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін төтенше жағдай департаменті құтқарушыларының 12 шығуы жүзеге асырылды, - деп мәлімдеді департаменттен.

Павлодар
Фото: Павлодар облысы төтенше жағдайларлар департаменті

Бүгін түнде Павлодар облысының батысында, солтүстігінде, шығысында қарлы боран күтіледі. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетуі ықтимал.

7 қараша күні Павлодарда сұрапыл желдің жылдамдығы секундына 32 метрге дейін жеткені туралы туралы жазған едік. 

Ал өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше 540 шаршы метр төбе жабыны сөгіліп, жарық өшудің 28 дерегі тіркелген. 

Күшті жел салдарынан Павлодарда үстіне ағаш құлаған әйел жан тапсырды. 

Павлодар облысының әкімдігі жекелеген аумақтарда төтенше жағдай режимі жарияланатынын хабарлады.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты облыстың барлық мектебінде сабақ қашықтан оқытуға ауыстырылды. 

Соңғы жаңалықтар