Павлодарлық оқушылар мен студенттер ертең де қашықтан оқиды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ауа райының қолайсыздығына байланысты 8 қараша күні Павлодар қаласы бойынша мектептерде сабақ қашықтан өткізіледі. Онлайн оқуға 0-11 сыныптардың оқушылары, колледжердің 1-2 курс студенттері ауыстырылады.
Павлодар облысы аумағында соғып тұрған сұрапыл жел толастар емес. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгін облыстың барлық мектептерінде сабақ қашықтан оқытуға ауыстырылғанын хабарлаған болатынбыз.
Ал бүгін кешкілік Павлодар қалалық білім беру бөлімі оқушылар ертең де үйлерінде оқитынын мәлімдеді.
«2024 жылғы 8 қараша күні Павлодар қаласы бойынша ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысымның 0-11 сынып оқушылары, колледждерде 1-2 курс (9-сыныптан кейін түскен) студенттері қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылады», - деп хабарлады білім бөлімінен.
Өңірде қазіргі уақытта 359 мектеп жұмыс істейді. Биылғы оқу жылында барлығы 118 мың оқушы білім алып жатыр.
Бұған дейін Павлодарда сұрапыл желдің жылдамдығы секундына 32 метрге дейін жеткені туралы туралы жазған едік.
Ал өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше 540 шаршы метр төбе жабыны сөгіліп, жарық өшудің 28 дерегі тіркелген.
Күшті жел салдарынан үстіне ағаш құлаған әйел жан тапсырды.
Облыс әкімдігі жекелеген аумақтарда төтенше жағдай режимі жарияланатынын хабарлады.