Петропавлда опырылған мұржаның орнына салынған жаңасы биыл іске қосылмайды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы № 2 жылу-электр орталығында жылыту маусымы қарсаңында жиын өтіп, стратегиялық нысанның қысқа әзірлігі тексерілді. Биыл мұнда жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

жэо
Фото: Севказэнерго

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысқан жиында жылу электр орталығының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері талқыланып, жабдықтардың жағдайы мен алдағы қысқа дайындығы пысықталды. Жаңғырту және жөндеу жоспарының орындалуына ерекше назар аударылды.

Биыл жылу орталығында № 9 қазандық пен № 3 турбоагрегат күрделі жөнделіп, іске қосылды. Сондай-ақ мұндағы жабдықтарға ағымдағы жөндеу жасалды.

Қазір № 1 қазандық пен № 6 турбоагрегат күрделі жөнделіп жатыр. Мамандардың айтуынша, жылыту маусымын бастау үшін 5 қазандық пен 5 турбогенератор қажет, олар жұмыс істеп тұр. 

Жылу орталығының жаңа мұржасы да бой көтеріп келеді. Ол тек келесі жылы іске қосылады. Биыл да Петропавл қысты істеп тұрған екі мұржамен өткізбек. Ол қаланы жылумен қамтамасыз етуге жеткілікті. 

«Станцияда көмір қоры да жеткілікті. Көмір тұйықтарда да бар, сондықтан тұрғындарды қатты отынмен ертерек қамдануға шақырамын», — деді өңір басшысы жиында. 

Бұдан бөлек «Петропавл жылу желілері» ЖШС № 3 жылу магистралін жаңғыртуды аяқтады. № 6 жылу магистралінде жөндеу жұмыстары басталды. Барлығы 5 шақырымға жуық жылу желілері ауыстырылды.

«СК РЭК» ЖШС 246 км әуе электр желілерінде жұмыс жүргізді. Су тасқыны кезінде бұзылған жаңа электр бағандарын орнату аяқталып жатыр.

Жалпы биыл СҚО бойынша 1 мың шақырымнан астам электр желісі, 8 шақырым жылу желісі, 7,4 шақырым су құбыры ауыстырылды. Облыс орталығының солтүстік бөлігін тұрақты жылумен қамтамасыз ететін жылу магистралі салынып жатыр.

Бұған дейін 10 қыркүйекте Көкшетау ЖЭО құрылысы басталатынын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар