Петропавлда тасқыннан кейін сүрілген үйлердің орнына не салынады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы Ойқала мен Былғары зауыты шағын аудандарында ауқымды жұмыс басталды.

Бұл екі шағын аудан былтыр суға кетіп, салдарынан мұндағы үйлерді бұзып алуға тура келді. Тұрғындары жаңадан пайда болған «Бірлік» шағын ауданына көшірілді.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, енді бұл босаған жерлерде 74 сквер пайда болмақ. Жобаны жүзеге асыруға өңірдің барлық аудандары мен қалалық ұйымдары атсалысады.
- Бірлескен күш-жігермен 2 мың ағаш отырғызылып, шағын архитектуралық формалар, орындықтар, жарықтандыру, серуендеу аймағы орнатылады. Футзалға арналған екі модульдық спортзал салынып, балалар мен спорт алаңдары, волейбол және футбол алаңдары пайда болады, - деп жазды өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі саналатын Қазақстан Конституциясы көшесі де қайта жаңғыртылып жатыр. Жоба үш кезеңде жүзеге асады. Қазіргі уақытта Астана көшесінен Парковая көшесіне дейінгі бөлікте инженерлік желілер мен тас төсеніштерді ауыстыру, көгалдандыру және ғимараттардың қасбетін бірыңғай сәулеттік стильде әрлеу жұмыстары басталды.

Бұдан бөлек тағы бір маңызды жоба — «Мағжан орталығы» құрылмақ. Мәдени-ағартушылық бағыттағы орталықтың жанына жаңа жайлы сквер салынып, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналады.
Бұған дейін Петропавлда футбол академиясының құрылысы басталатынын жазған едік.