Президент Атырау облысы әкіміне қоңырау шалды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновке қоңырау шалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы Аймақтағы су тасқынын бақылауда ұстап отыр. Су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған шаралар қабылданады әрі күшейтіледі. Үкімет су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмектеседі, зиян келтірілген материалдық шығын толығымен өтелетін болады» — делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыстағы бірде-бір отбасы мемлекеттің назарынан тыс қалмайтынын айтып, оларға сәлем жолдап, барынша қолдау көрсетілетінін айтты.
Еске сала кетейік, Жылыой ауданында 4 сәуірде тасқын судан төнген қауіпке байланысты төтенше жағдай жарияланды. Артынша Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласына тасқын су кіре бастады. Атырау облысының Жылыой ауданында су тасқыны болуы мүмкін аймақта тұратын халықты хабардар ету үшін дабыл сиренасы қосылып, тұрғындарды 10 эвакуациялық пунктке көшіре бастады.
Бейнеу ауданында іргелес көрші облысқа қарасты Құлсары қаласындағы су тасқынынан кейін жедел желі іске қосылды. Құлсары қаласында 500 үйді тасқын су басып, 2400 адам көшірілді.
Түнге қарай Құлсарыда 2,5 мың ғимарат су астында қалып, мың бала эвакуацияланды.
Су басқан Құлсарыдағы ауруханадан 77 науқасты Маңғыстау облысына апарады.