Президент Іс басқармасы қызметкерлері арасында қазақ күресінен турнир өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» күрес сарайында ҚР Президенті Іс басқармасы қызметкерлері арасында қазақ күресінен дәстүрлі турнир өтті.
Шараның мақсаты – ұлттық спорт түрін насихаттау, жастардың дене шынықтыруға қызығушылығын арттыру және салауатты өмір салтын дәріптеу. Сонымен бірге, турнир ұжымдар арасындағы корпоративтік рухты нығайтуға және спорттық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.


Жарысқа Президент Іс басқармасына қарасты түрлі мекемелер мен ұйымдардан келген 50 спортшы қатысты.
Нәтижесінде 82 келіге дейінгі салмақ бойынша Президенті Телерадиокешенінің қызметкері Нұрболат Құлманов 1-орын, Материалдық-техникалық қамту басқармасынан Ернұр Тұрсын 2-орын және Медициналық орталық ауруханасынан келген Медет Маханбет 3-орын алды.

82 келіден жоғары салмақта:
1-орын – Есен Түгелбай (ПӘ Әкімшілік ғимараттар дирекциясы), 2-орын – Жансерік Қыдырбай (ПӘ Әкімшілік ғимараттар дирекциясы),
3-орын – Аман Түгелбай (ПӘ Әкімшілік ғимараттар дирекциясы).

– Мен үшін бұл турнир жай ғана жарыс емес. Бұл ерік-жігер мен ұлттық спортқа құрметті көрсету мүмкіндігі. Қазақша күрес бізді біріктіреді және нағыз жеңіс – өзіңді жеңу екенін еске салады, – деді 82 кг дейінгі салмақтағы жеңімпаз Нұрболат Құлманов.



«Ең үздік әдіс» номинациясында Қайырбек Омар (Президент телерадиокешені) және «Ең жасы үлкен қатысушы» номинациясында – Естай Тәшев («Бурабай даму») арнайы жүлде алды.
Турнирді Материалдық-техникалық қамту басқармасы мен ҚР Президенті Телерадиокешені ұйымдастырды, сондай-ақ Қазақ күресі федерациясы қолдау көрсетті.
Айта кетейік, қазақ күресінен әлем кубогында Қазақстан құрамасы 6 алтын медаль жеңіп алды.
