Президент Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасы мүшелерімен кездесті
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тошиаки Эндо бастаған Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасы мүшелерімен кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Достық лигасының қызметіне жоғары баға беріп, оны екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызды тетігі ретінде қарастыратынын атап өтті.

– Еліміз Токиомен жан-жақты ықпалдастықты одан әрі арттыруға баса мән береді. Парламентаралық диалог тереңдей түсті. Түрлі деңгейдегі байланыстар тұрақты түрде жалғасуда. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы екіжақты қатынастарымыз тың серпінмен дамып келеді. Жапония Қазақстандағы ірі инвестордың қатарына кіреді. Былтыр тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Бұл – Жапонияның Орталық Азия мемлекеттерімен жалпы сауда көлемінің 70 пайызынан астамы деген сөз. Сондай-ақ көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда нақты жобалар бар. Біз бүгін Император Нарухитомен кездесуде медицина саласы, су мәселесі бойынша пікір алмастық. Шын мәнінде екіжақты ынтымақтастықтың келешегі зор. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз тереңнен тамыр тартады. Екі ел білім және ғылым, мәдениет пен өнер, спорт және туризм салаларында өзара тығыз ықпалдастық орнатты. Биыл Осакада өткен Дүниежүзілік көрме аясында қазақтың ұлы ақыны, ғұлама ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуын атап өттік, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жаһандық өзекті мәселелерге қатысты Қазақстан мен Жапонияның ұстанымдары ортақ екеніне тоқталды.
– Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясында бейбітшілікті қамтамасыз ету, ядролық қарусыздану мәселелері бойынша бір-бірімізді үнемі қолдап келеміз. Қазақстан аймақаралық ынтымақтастығымыздың маңызды тетігі саналатын «Орталық Азия + Жапония» саммитіне айрықша мән береді. Премьер-министр Санаэ Такаичи ханыммен өтетін кездесуде бірқатар мәселені талқылаймыз. Бұл келіссөздер саяси диалогты тереңдетіп, экономикалық және гуманитарлық алыс-берісті жандандыруға жол ашады. Халықтарымыз өсіп-өркендеп, өзара тиімді қарым-қатынасымыз нығая береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барды.
Қазақстан Президентін Токио қаласының Ханэда халықаралық әуежайында Жапонияның мемлекеттік сыртқы істер министрі Аяно Кунимицу қарсы алды.
Токиода жалпы құны 3,7 млрд доллардан асатын келісімдерге қол қойылады.
Токио Қазақстан Президентінің сапарына қалай дайындалып жатқанын жазған едік.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 18-20 желтоқсанға жоспарланған Жапонияға ресми сапары қарсаңында осы елдің Қазақстандағы Елшісі Ясумаса Ииджима Kazinform агенттігіне эксклюзив сұхбат берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында император Нарухитомен, Премьер-министр Санаэ Такаичимен кездесу жоспарланған. «Орталық Азия – Жапония» саммитіне қатысып, іскерлік орта өкілдерімен жүздеспек. Kazinform тілшісі Қазақстан мен Жапония арасындағы байланыстың маңызды тұстарына тоқталып көрді.
Мемлекет басшысы Жапония Императоры Нарухитомен кездесті.