Qarmet металлургиялық комбинатты газдандыруын жалғастырып жатыр
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Qarmet компаниясы ауқымды жаңғырту бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. 30 қыркүйекте № 3 домна пешіне табиғи газ сәтті жеткізілді.

Еске сала кетсек, бұдан бір ай бұрын, 29 тамызда, алғаш рет № 2 домна пешіне және № 1 қаңылтыр илек цехының әдістемелік пештеріне көгілдір отын берілген болатын. Бұл — Теміртау металлургия комбинатының 80 жылдық тарихында тұңғыш рет домна өндірісін кезең-кезеңімен газдандыруға бастау болған тарихи қадам.
Газ беру жүйесі толық іске қосылды. Инженерлер үдерістің әрбір сәтін мұқият қадағалайды: отынның берілуі мен жануынан бастап, шығын өлшегіштер мен датчиктердің көрсеткіштеріне дейін. Заманауи технологиялардың арқасында әрбір үрлеуішке газды электрификацияланған клапандар арқылы бөлек реттеуге болады. Бұл барлық параметрді дәл бақылап, өзгерістерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

— Әрине, жігіттердің қуанышы ерекше. Бұл біз үшін домна өндірісіндегі тың шешім. Әрбір элементті қадағалау маңызды. Біз бұл тарихи сәтті ұзақ күттік: табиғи газ — асыл отын, ол бізге жаңа мүмкіндіктер ашады, — деді № 3 домна пешінің бастығы Ақан Еспотаев.

Табиғи газды қолдану алғашқы нәтижесін беріп үлгерді. Qarmet компаниясының болат департаментінің директоры Андрей Берг бұған дейін де тиімділіктің едәуір артқанын атап өткен болатын.
— Біз қазірдің өзінде табиғи газды пайдаланудың жоғары тиімділігін көріп отырмыз. Домна пешінің өнімділігі артты, әрі ең бастысы — кокстың шығыны айтарлықтай азайды. Сонымен қатар, бұрын барлық домна пештерінде қолданылып келген мазут толығымен тоқтатылды. № 2 домна пешінде 29 тамыздан бері мазут мүлде пайдаланылған жоқ, — деді Андрей Берг.
Домна пештерінен бөлек, табиғи газ № 1 қаңылтыр илек цехының әдістемелік пештеріне де енгізілді. Қазіргі таңда төрт агрегаттың үшеуі жұмыс істеп тұр, олардың сағаттық шығыны шамамен 10 мың текше метр газды құрайды. Бұл шешім пештердің температуралық режимін тұрақтандырып, слябтарды қыздыру сапасын жақсартады. Соның нәтижесінде жалпы илек орнағының жұмысы тиімді әрі бірқалыпты бола түсуде.

Табиғи газға көшу стратегиялық тұрғыдан да айрықша маңызды. Ол металлургиялық өндірістің энергия тиімділігін арттырып, кокстың шығынын азайтуға, мазуттан толық бас тартуға және қоршаған ортаға түсетін салмақты төмендетуге мүмкіндік береді. Qarmet үшін бұл тек өндірісті оңтайландыру ғана емес, сонымен қатар экологиялық тұрғыдан таза технологияларға бетбұрыс. Бұл әлемдік металлургия саласының қазіргі талаптарына толық сай келеді. Ал Теміртау комбинаты үшін бұл — жаңа технологиялық белес әрі болашақтағы тұрақты даму жолын айқындайтын маңызды қадам.