Qarmet-тің Сингапурдегі оффшорлық компанияға өтіп кеткені рас па — министрлік жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Олжас Сапарбеков Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Qarmet құрылтайшыларының ауысқаны туралы мәліметтерді теріске шығарды.

— Әлеуметтік желіде Qarmet-тің Астана халықаралық қаржы орталығындағы құрылтай құжаттары мен еGov.kz платформасындағы құрылтай құжаттары сәйкеспейтіні туралы сауалдар туындап жатыр. Осы мәліметке сүйеніп кейбір сарапшылардың «Qarmet Сингапурдегі оффшорлық компанияға өтіп кетті» деп болжап жүргені бар. Ол компанияның артында ресейлік инвестор тұр деп есептейтіндер бар. Осыған не дейсіздер, — деп сұрады журналист.
Вице-министр бұл мәліметтің бәрін теріске шығарды.
— Сингапур мемлекетінде Qarmet-тің филиалы ашылған. Ол филиал Qarmet-тің экспорт мәселелерімен, басқа да сұрақтармен айналысады. Сол үшін ашылған. Qarmet қазіргі уақытта қазақстандық компания болып есептеледі. Бүкіл иелері осында, осында жұмыс істеп жатыр. Салықтың бәрін мемлекетке төлеп отыр, яғни Сингапурдағы компания Qarmet-тің құрылтайшысы деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол — филиал ғана, — деді Олжас Сапарбаеков.
«QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Айдар Қожахметов те Qarmet-тің құрылтайшылары түгел қазақстандық азаматтар екеніне сендірді.
— Кәсіпорынның құрылтайшылары Астана халықаралық орталығында тіркелген. Акицонерлік құрылтайшылары бекітілген. Сондықтан Сингапурде еншілес басқа құрылтайшылары бар деген мәліметті жоққа шығарамыз. Ол филиал Qarmet-тің өндірісін жаңғырту жұмыстарына қаржы тарту мәселелерін пысықтаумен айналысады. Сондай-ақ, өнімді экспортқа шығару мәселесімен айналысады, — деді ол.
Еске салсақ, 2023 жылы сол кездегі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі көмір шахталарында кісі өлімі азаймай қойғанына байланысты құрылтайшысы өзгеріп, кәсіпорын ресми түрде QARMET деген атау алған болатын.
Ал былтыр күзде «Qarmet» құрылтайшылары былтыр кәсіпорынның комбинаты жұмысын жаңғыртуға 35 млрд теңге бөлетіні белгілі болған еді.