Qarmet және FST Engineering Қостанай облысында екі жаңа өңдеу кешенін салады
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Qarmet Recycling Қостанай облысында темір кенінің қалдықтарын қайта өңдеуге арналған ауқымды жобаны іске қосып, өндірістік жаңғыртудың жаңа кезеңіне қадам басты. Компания халықаралық FST Engineering Co. ұйымымен әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат Лисаковск қаласында заманауи қайта өңдеу қуаттарын салуға жол ашып отыр.
Аталмыш келісім 2025 жылдың 11 желтоқсанында Қазақстанға ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианның сапарының маңызды нәтижелерінің бірі болды. Сондай-ақ құжат 2025 жылдың 30 қазанында жасалған алдын ала келісімнің жалғасы саналады және тараптардың минералдық шикізатты терең өңдеу технологияларын дамытуға ниетті екенін растайды. Жоба Қазақстандағы металлургиялық өндірісте қайталама ресурстарды тиімді пайдалануға және өңдеу саласындағы құзыреттерді кеңейтуге бағытталған.
Меморандумға сәйкес, FST Engineering екі жаңа қайта өңдеу зауытының құрылысын қамтитын кешенді жобаны жүзеге асыруға кіріседі. Жаңа өндірістік алаңдар темір құрамдас қайталама өнімдерді, оның ішінде Лисаковск кен орнының қалдықтарын байыту және дефосфоризациялаумен айналысады. Бұған дейін мұндай қалдықтар өндірістік айналымға толық енгізілмеген еді, алайда қазіргі технологиялар олардың құрамындағы пайдалы компоненттерді жоғары деңгейде алуға мүмкіндік береді.

Жоба EPCF үлгісі бойынша іске асырылады. Бұл тәсіл инженерлік есептеулерден бастап технологиялық жобалау, қаржыландыру және нысандарды салуға дейінгі барлық кезеңдерді толық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Мұндай формат жұмыстың мерзімін жүйелі бақылауға, шығындарды оңтайландыруға және барлық кезеңдердің сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Qarmet компаниясының қайта өңдеу жөніндегі директоры Сергей Малыхин жобаның өндірістік блок үшін маңыздылығын атап өтті.
– Жоспарланған қайта өңдеу кешендерінің жылдық қуаттылығы төрт миллион тонна шикізат пен 1,7 миллион тонна концентратты құрайды. Жобаның инвестициясы $110 миллионнан асады, ал нысандардың құрылысы кезең-кезеңімен қуат енгізе отырып, екі жыл ішінде аяқталады, - деді ол.
Жаңа қайта өңдеу кешендерінің ашылуы Лисаковск қаласының экономикалық дамуына айтарлықтай серпін береді. Құрылыс кезеңінде және кейінгі пайдалануда 500-ден астам жұмыс орны құрылады. Бұл өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып қана қоймай, заманауи қайта өңдеу саласында жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында мамандарды кәсіби оқыту және қайта даярлау ұйымдастырылмақ.

Сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеу экологиялық тұрғыдан маңызды міндеттердің бірін – жинақталған қайта өңделетін өнім көлемін азайтуды және қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендету мәселесін шешуге көмектеседі. Қолданылатын технологиялар жер қойнауын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етіп, металлургиялық кешеннің ресурстық тиімділігін арттырады.
Қайта өңделетін ресурстарды қалпына келтіру және өндіріске қайта тарту – әлемдік металлургиядағы басым бағыттардың бірі. Минералдық-шикізат базасы мол Қазақстан терең өңдеу технологияларын дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру және жаңа жоғары технологиялық өндірістерді құру бағытында маңызды қадам жасап отыр. Qarmet пен FST Engineering-нің Лисаковскідегі бірлескен жобасы инновациялар мен халықаралық ынтымақтастықтың өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, ұзақмерзімді экономикалық әсер қалыптастыра алатынын көрсетеді.