Рақымшылық жариялауда халықтың ұсыныс-тілегі ескеріледі – ҚР ІІМ
АСТАНА. KAZINFORM – Келер аптада елімізде жарияланатын рақымшылық тәсілдері туралы ақпарат көпшілік назарына ұсынылады. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтып берді.
Спикердің айтуынша, рақымшылық жариялау жөнінде арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар рақымшылық қолданудың негізгі тәсілдерін әзірледі және келер аптада жариялайды.
– Барлық ұсыныс пен қоғамның сұранысы өте маңызды. Қазір жұмыс тобы оларды жинақтап жатыр. Біз ұсыныс-тілектерді күтіп қана отырмаймыз, интернет кеңістігін, бұқаралық ақпарат құралдарын, соның ішінде әлеуметтік желілерді де бақылап, мониторинг жасаймыз. Барлық ұсыныс жиналып, жүйеленіп, рақымшылықты қолдану мүмкіндігі тұрғысынан міндетті түрде зерделенеді. Нақты мәліметті келесі аптада береміз. Бұл жұмыстарды Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, осы сессияда жүргіземіз, - деді С. Әділов Сенат кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.
Тілшілер әсіресе «закладчиктер» мен автокөлік жүргізушілеріне қатысты жазаны жеңілдету көп сұралатынын айтып, рақымшылыққа іліге ме деп сұрады.
– Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы маңызды өзгерістер болды. Бұл ауыр қылмыс санатынан ауыр санатқа ауыстырылды және «закладчиктер» мен өндірушілердің жауапкершілігі бөлінді. Сондықтан біз интернеттегі жарияланымдарды, БАҚ пен әлеуметтік желілерді мұқият бақылап отырмыз. Мұның бәрі міндетті түрде ескеріледі. Айтайын дегенім, амнистиямен бірнеше министрлік пен ведомство айналысып жатыр. Тек әкімшілік профилактика субъектілерінің өзі 70-тен асады. Сондықтан нәтижесін күтейік. Бұл – үлкен ұжымдық жұмыс, - деді С. Әділов.
Айта кетейік, Президент Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жасалатынын айтқан еді.
Депутаттардың айтуынша, шамамен 17 мың адамға рақымшылық жариялануы мүмкін.
Бұған дейін спикер шымкенттік Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдіктінің психикалық ауытқуы расталмағанын, сотта ақыл-есі дұрыс адам ретінде жауап беретінін айтқан еді.