Ресеймен мұнай жеткізу саласында, Сербиямен әскери салада ынтымақтастық: Құрылтай заң жобаларын қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтай отырысы өтеді. Онда депутаттар , отандық өнер қайраткерлеріне жаңа мемлекеттік марапаттар белгілеу, Ресеймен мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты және Сербиямен әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқыламақ.

Қазақстан Республикасының Құрылтайы
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Айта кетейік, 2 қазанда Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюрода Құрылтайдың бүгінгі отырысының күн тәртібі белгіленді. Соған орай «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы, сондай-ақ Ресеймен мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық, Сербиямен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы ратификациялық құжаттар қарауға шығарылып отыр.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Құрылтай депутаттарының бастамасымен әзірленді. Заң жобасы отандық қайраткерлердің еңбегін лайықты бағалауға бағытталған. Құжатта жаңа ерекшелік белгілерін енгізу көзделген. Атап айтқанда, отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытуға сіңірген айрықша еңбегі үшін «Шәмші Қалдаяқов» медалі, сондай-ақ бейнелеу өнері саласындағы көрнекті туындылары үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу ұсынылады.

Мұнан бөлек, бірінші оқылымда Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы 2010 жылғы 9 желтоқсанда рәсімделген келісімнің қолданысын қайта бастау және оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау жөніндегі заң жобасы қаралады.

Казахстан и Сербия
Коллаж: Kazinform

Екінші оқылымда депутаттар Қазақстан мен Сербия Үкіметтері арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын қарайды. Құжаттың мақсаты – тең құқылық қағидаты негізінде екі ел арасындағы өзара тиімді әскери-техникалық ынтымақтастықты жолға қою және одан әрі дамыту.

Құрылтай күн тәртібіне Қазақстан Республикасы Құрылтайының I шақырылымы жанынан мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру мәселесі енгізілген.

Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы азаматтардың тағдыры мен өміріне қатысты заңдарды жан-жақты қарап, кеңінен талқылаудың маңызын атап өткен болатын. Осы бағытта Құрылтай жанынан мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құруға маңызды рөл жүктеледі.

Кеңестің негізгі міндеті – мәслихаттардың заңдарды әзірлеу процесіне тұрақты қатысуын қамтамасыз ету және олардың жергілікті жерлерде қолданылуына қатысты кері байланыс орнату. Басым бағыттардың қатарында заңдарды қолдану практикасына мониторинг жүргізу, өңірлерге ортақ проблемаларды анықтау және заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу бар.

Казахстан и Катар
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада Құрылтай «Қазақстан Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы», «2010 жылғы 10 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», “Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау туралы», «1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы» Заңдарды қабылдады.

Отырыс соңында Құрылтай депутаттары өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 15 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, депутат Дана Медеуова медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесіне қатысты ұсыныс айтты.

- Біздің міндетіміз – дәрігерлердің төмен жалақыға байланысты мамандығын тастап кетпеуіне жағдай жасау. Білімі мен тәжірибесі ел игілігіне қызмет етуі үшін олардың еңбегін лайықты бағалауымыз керек, - деді Дана Медеуова.

Депутат Бөріхан Нұрмұхамедов тұрғын үй қолжетімділігінің өңірлік көрсеткіштерінің ресми жүйесін енгізу қажеттігін алға тартты.  Ал депутат Руслан Ыдырысов шағын азық-түлік саудасына мемлекеттік қолдау көрсету тәсілдерін қайта қарауды ұсынды.

— 2020 жылы Қазақстан Ұлттық банкі әлеуметтік маңызы бар салаларда — дәріхана, білім беру және медицинада — банкаралық комиссияларды (интерчейндж) 1,5 пайызға дейін шектеу тетігін сәтті қолданды. Бұл тәсілді «үй жанындағы» дүкендер форматындағы азық-түлік бөлшек саудасына да қолдану қажет. Дүкеннің таза маржасы 8–12 пайыз болған жағдайда, банк эквайрингіне төленетін 1,5–2,5 пайыздық комиссия дүкеннің таза пайдасының төрттен біріне дейін жетуі мүмкін, — деді ол.

Сондай-ақ Депутат Айжан Сқакова «Таза Қазақстан» аясында қоршаған ортаны қорғау, Махамбет Хасенов жоғары білім берудің үш жылдық моделін кеңейту және кадр даярлауды экономика қажеттіліктеріне сай бейімдеу мәселесін көтерді.