Ризабек Айтмұханның әлем чемпионатында алған жарақатына қатысты тың дерек шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан тарихындағы еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан тізе буынына ота жасатты.

Әлем чемпионы Ризабек Айтмұханға ота жасалды
Фото: instagram/@rr1zabek

Спортшы жарақатты Астанада өткен күрестен әлем чемпионаты кезінде алған. Елорданың «Барыс Арена» спорт кешеніндегі бозкілемге Ризабек 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде басты фавориттердің бірі ретінде шыққан еді.

Алайда жарыс жолы сәтсіз аяқталды. Алғашқы іріктеу белдесуінде ол Ресейдің екі дүркін Олимпиада чемпионы, аты аңызға айналған Абдулрашид Садулаевтан жеңіліп қалды. Кейін белгілі болғандай, дәл осы белдесу кезінде балуан аяғын жарақаттап алған.

Тексеру нәтижесінде спортшыға ота жасау қажет екені анықталған. Ресейлік дәрігер Ондар Артыштың Instagram парақшасында Ризабектің ота алдындағы және ота кезіндегі жағдайы көрсетілген видео жарияланды. Жазбада геолокация ретінде Астана қаласы көрсетілген.

— Бүгін біз Ризабекке ота жасаймыз. Ол алғашқы белдесуі кезінде-ақ күрес барысында тізе буынынан ауырсыну сезінген. МРТ нәтижесін қарап шықтық, ота жасауға көрсетілім бар. Бізден көмек сұрады. Сәлден кейін операциялық бөлмеге кіреміз, — деді спортшыға ота жасаған белгілі ресейлік хирург Ондар Артыш.

Енді қазақстандық танымал балуанды ұзақ оңалту және қалпына келу кезеңі күтіп тұр. Ол бозкілемге оралу үшін ем-дом қабылдайды.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық балуан Ризабек Айтмұхан Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатындағы алғашқы белдесуінде жеңіліп қалғанын жазғанбыз.