Румынияда президент сайлауының өткізілмеуіне қарсы наразылық акциясы өтті
АСТАНА.KAZINFORM - Бухаресттегі шерушілер президент сайлауының өткізілмеуіне наразылық білдіріп, қазіргі мемлекет басшысы Клаус Йоханнистің отставкаға кетуін талап етті, деп жазады DW.

Он мыңға жуық адам 2024 жылдың қарашасында өткен президент сайлауының бірінші туры қорытындысының күшін жоюға наразылық білдірді.
Йоханнистің өкілеттігі ресми түрде 21 желтоқсанда аяқталды, бірақ ол мұрагері аталмайынша қызметінде қалады.
Бұған дейін 6 желтоқсанда ұлттық қауіпсіздік қызметі дауыс беру әсіре оңшыл кандидат Калин Жоржеску пайдасына бұрмаланған болуы мүмкін деп ескерткен соң, Румынияның Жоғарғы Конституциялық соты елдегі президент сайлауының қорытындысын жоққа шығарған.
Содан кейін жергілікті барлау органдары әлеуметтік желілердегі бірнеше мың бот аккаунты кандидаттың пайдасына үгіт жүргізген болуы мүмкін деген құжаттарды жариялады.
Румынияда президент сайлауы өтіп жатқанын жазған болатынбыз.
Сонымен қатар Еуропалық комиссия TikTok-қа қарсы тергеу жүргізіп жатыр. Бұған Ресейді осы интернет-платформа арқылы «Румыниядағы сайлауға әсер етті» деп айыптау себеп болды.
Румыниядағы президенттік сайлаудың бірінші кезеңі бойынша кандидаттар қорытындыны жоюды талап етті.