Саламатты Қазақстан Қызылорда облысындағы сапарын аяқтады, енді Түркістан облысына барады

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қызылорда облысының Аққұм станциясына барады
Фото: Kazinform

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қызылорда облысындағы сапарын аяқтап, бүгіннен бастап Түркістан облысында сапарын жалғастырады, деп хабарлайды Кazinform.

Екі аптадан астам уақыт ішінде медпойыз Қызылорда облысында 9 стансада 3 қарашаға дейін жергілікті азаматтарға қызмет көрсетті.

Медициналық пойыздың Қызылорда облысындағы сапары 18 қазанда Арал ауданындағы Сексеуіл стациясынан басталды.

Одан кейін сол аудандағы Сапақ (21-22 қазан), Шөміш (22-23 қазан) станцияларында жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетті.

Дәрігерлер одан кейінгі жұмысын Қызылорда қаласына қарасты Белкөл (24-26 қазан) кентінде жалғастырды.

Бұдан кейінгі кезекте Шиелі ауданындағы Тартоғай (26-27 қазан), Бәйгеқұм (27-29 қазан), Ақмая (29-31 қазан), Жаңақорған ауданындағы Екпінді (31 қазан-2 қараша) және Аққұм (2-3 қараша) станцияларында болды.

Аққұм станциясына медициналық пойыз 2 қарашада сағат 22:45-те келіп, 3 қараша күні сағат 22:15-те сапарын әрі қарай жалғастырады.

«Саламатты Қазақстан» медпойызы әлеуметтік жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Samruk-Kazyna» АҚ компаниялар тобының атынан ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен «Әлеуметтік жобалар қоры» Корпоративтік қоры бірлесіп жүзеге асырып жатыр. «Саламатты Қазақстан» әлеуметтік жобасының басты ақпараттық серіктесі – ҚР Президентінің Телерадиокешені.

Медициналық пойыздың бас дәрігері Айнұр Егінбаеваның айтуынша, көпшілік арасында кардиолог, невропатолог, окулист, стоматолог, лор секілді дәрігерлерге сұраныс көп. Сондай-ақ, дәрігерлер инсульт алған кісілердің үйіне барып қызмет көрсеткен.

"Оларды арнайы медициналық жабдықтар арқылы тексеруден өткізіп, тиісті диагноз қойылды.

Жалпы, бізге еліміздің кез келген азаматы келіп денсаулығын тексерте алады. Олардың біз тоқтаған станция тұрғыны болуы шарт емес. Қазірге дейін 60 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілді. Оның 10-15 пайызға жуығы - балалар», - деді ол.

Биылдан бастап ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алу құқығын қорғау, зейнетақы тағайындау, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмек мәселесіне байланысты тегін кеңес беріледі.

Сондай-ақ шалғай аймақ тұрғындары тегін медиативті және заңгерлік көмек ала алады. Олар кәсіби мамандардың қызметін пайдалануға мүмкіндік алды.

Бұл тұрғыда ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасы демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері ретінде заңгер Жанна Бекмұханбетова мен медиатор Жанар Молдабекова халыққа қызмет көрсетті.

Олардың айтуынша, қызылордалық тұрғындар тарапынан алимент, сақтандыру, несие алу, мұрагерлік мәселеге байланысты сауалдар қойылған. Оған қатысты тиісті жауаптар берілді.

«Сондай-ақ, кейбір азаматтар өзі тұратын елді мекенде медициналық қызмет көрсетуге байланысты жағдайдың жақсаруына байланысты ұсыныс-пікірін айтты. Бізге түскен барлық сауал мен өтініш тиісті орындарға жеткізіледі. Ол алдағы уақытта оң шешімін табады деген үміттеміз», - деді мамандар бізбен әңгімесінде.

Қызылорда облысынан кейін медпойыз тағы екі өңір - Түркістан мен Жамбыл облыстарына аттанды.

Жобаның соңы 2023 жылғы 6 желтоқсанда аяқталады. Сол уақытта медициналық пойыз 18 мың шақырымнан астам жолды артқа тастайды. Нәтижесінде елдің ең шалғай станцияларында тұратын азаматтар жоғары білікті медициналық, медиативтік және әлеуметтік сала мамандарының қызметін пайдалана алады.

Әлеуметтік жоба медициналық кабинеттері жоқ аймақтарды қамтиды. Яғни, биыл шалғайдағы станция тұрғындары тағы да тегін тексеруден және емделуден өтуге мүмкіндік алды.

Медициналық пойызда терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр және өзге де дәрігерлер халыққа қызмет көрсетті. Пойыз заманауи диагностикалық және емдік жабдықтар, ультрадыбыстық, флюорографиялық аппарат, шағын операциялық бөлме, зертхана, интернетке сымсыз қол жеткізуге арналған байланыс құралымен жабдықталған.
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Алматы-2 станциясынан 26 сәуірде басталған және осы жылдың 6 желтоқсанына дейін жүретін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының кестесін бекітті.
Медициналық пойыздың қазіргі қозғалыс кестесі шалғайдағы станцияларда медициналық пункттің жоқтығын ескере отырып жасалды. Оған қоса азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініштері негізінде жүзеге асты.

Соңғы жаңалықтар