Сарапшылар Қазақстанда киіктердің жаппай қырылуын түсіндіреді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстандық зоолог ғалымдар Kazinform тілшісіне Ұлытау өңірі мен Батыс Қазақстан облысындағы киіктердің қырылу себебін түсіндіріп берді.

Сарапшылар Қазақстанда киіктердің жаппай қырылуын түсіндіреді
Фото: Еламан Тұрысбеков

Зоология институтының ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Константин Плаховтың айтуынша, көктемде тіркелген киіктердің жаппай қырылуы табиғи циклдің бір бөлігі және нормадан тыс емес

— Біріншіден, мынаны түсіну керек: мұндай жағдайлар бірінші рет тіркеліп отырған жоқ, бұл жай ғана интернетте пайда болды. Басқа жануарлар сияқты киіктердің де қырылуы — табиғи құбылыс. Саны неғұрлым көп болса, табиғи өлімі де соғұрлым көп болады. Ақбөкеннің орташа өмір сүру ұзақтығы 3-4 жыл. Еркек киіктер 12 жылға дейін өмір сүре алады, бірақ ұрғашысының әдетте ғұмыры қысқа болады, — деді ол.

Маманның айтуынша, жаппай өлімге әкелетін бірқатар табиғи фактор бар. Олардың ішінде қарлы және аязды қыс, қалың қар (15 см-ден астам), бұл қорек табуды қиындатады.Тағы бір себеп — киіктер баратын су қоймаларындағы мұздың қатып қалуы. Егер құлап кетсе, олардың судан шығуы мүмкін емес.

— Қалыпты жағдайда ақбөкендер судан шыға алады. Бірақ мұз қатқан болса, одан құтылу мүмкін емес. Киіктердің қырылуының бір себебі осы болуы да мүмкін өйткені су қоймасынан өлекселер табылды, — деді ол.

Спикердің сөзінше, дүрбелеңге негіз жоқ. Барлық тиісті қызмет жұмыс істеп жатыр. Алгоритм аясында ұшалар ветеринариялық заңнамаға сәйкес жойылады.

«Охотзопром» мемлекеттік мекемесі бас директорының орынбасары Владимир Кертиев өлген жануарларды жою жұмыстары дер кезінде жүргізіліп жатқанын растады.

Инспекторлар орман шаруашылығы комитеті және еріктілермен бірлесе отырып, жағдайды бақылайды.

Оның айтуынша, жануарлар арасында ауру тарау қаупі жоқ.

— Киіктің биологиясы мынандай: Қыста киік саны 10 пайызға, аталығы 10-20%-ға азаюы мүмкін. Әсіресе қолайсыз жағдайлар ұрғашы киіктерге әсер етеді. Дегенмен, бұл тез көбейетін жануар. Қазір 20 мыңға жуық өлексе жойылды, бұл жалпы санының 1%-ынан аз. Бұл оның популяциясына қауіп төндірмейді, — деп түсіндірді Владимир Кертиев.

Плахов Қазақстанда киіктердің санын анықтау мақсатында жыл сайын көктемгі әуе санағы жүргізілетінін атап өтті.

Соңғы санақ жұмыстарына сәйкес, Қазақстанда киіктердің саны 2,8 млн болды. Олар Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Ұлытау өңірінде мекен етеді.

Осыған дейін Аграрлық инновациялық-технологиялық паркінің директоры, PhD, Ұлттық аграрлық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Дархан Смағұлов киік санын қалай реттеуге болатыны туралы айтқан еді

Бұған дейін елдің бірнеше өңірінде 20 мыңнан астам киік өлексесі жиналғанын жазған едік.

Сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қазір киік атудан бас тартпағандарын жеткізді

Соңғы жаңалықтар