Сенат 2024 жылдың нақтыланған бюджетін мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды.

- 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заңы бюджеттің келесі параметрлеріне байланысты әзірленді. Біріншіден, республикалық бюджеттің кірістері салық түсімдерін 3,1 трлн теңгеге азайтуға және салыққа жатпайтын түсімдерді 1,1 трлн теңгеге ұлғайтуға байланысты 2 трлн теңгеге азайды. Екіншіден, экономиканың өсу қарқынын төмендету тәуекелдері жағдайында өңірлік өсу деңгейін ұстап тұру үшін, сондай-ақ, биыл республикалық бюджеттің шұғыл шығыстарын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін, Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт 2 трлн теңгеге ұлғайтылды, - деді Қаржы министрі Мәди Такиев.
Осы өзгерістер нәтижесінде республикалық бюджеттің параметрлері келесідей қалыптасты. 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде қарастырылған. Кірістер трансферттерді есепке алмағанда, 14,1 трлн теңге болды.
- Осы жылы бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7% деңгейінде болжанды. Бюджет шығыстары – 24,1 трлн теңге. Бұл көрсеткіштер кепілдік берілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығы бойынша бюджеттік қағидаларға сәйкес келеді, - деді министр.
Сонымен қатар ол республикалық бюджет кірістерінің 2024 жылға бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге дейін азайту мәселесі бойынша тоқталды.
Салық түсімдерінің төмендеуіне келесі факторлар әсер етті:
- біріншіден, «Теңіз Шевройл» бойынша Болашақ кеңейту жобасын (БКЖ) іске қосу мерзімі 2025 жылға ауыстыруға байланысты мұнай өндіру көлемінің 5,1 млн тоннаға төмендеуі. Бұл шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша түсімдердің 200 млрд теңгеге азаюына әкеп соқты.
- екіншіден, 2023 жылғы 594 млрд теңге сомасында борышты қайтаруға байланысты қосымша құн салығын қайтарудың өсуі. Былтырмен салыстырғанда, бюджеттен қосымша құн салығы 2,5 есе артық қайтарылды.
- үшіншіден, республикалық бюджет түсімдерінің 216 млрд теңгеге төмендеуіне үшінші елдердің импорт көлемінің 6,4%-ға азаюы әсер етті.
- төртіншіден, негізгі экспорттық тауарлардың әлемдік бағалары сияқты сыртқы факторлардың тұрақсыздығы республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне теріс әсер етті. Бұл үрдіс жыл бойы бірқатар металдар бойынша сақталып отыр.
Бұдан басқа, геосаяси жағдайға байланысты ірі компаниялардың логистикалық шығындары ұлғайды. Табыстарының төмендеуіне байланысты салық түсімдері шамамен 350 млрд теңгеге төмендеді.
Министрдің сөзіне қарағана, салыққа жатпайтын төлемдердің бекітілген жоспарға қарағанда 1,1 трлн теңгеге ұлғаюы «Самұрық-Қазынадан» шамамен 600 млрд теңге сомасында, «Бәйтеректен» 126 млрд теңге сомасында дивидендтер бойынша біржолғы төлемдердің түсуіне, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының шамамен 60 млрд теңгеге жоспарды асыра орындауына байланысты болды. Мұнымен қоса, биылғы 11 айда салық саласындағы әрі кедендік әкімшілендіру және оларды цифрландыру аясында шамамен 900 млрд теңге сомасында қосымша түсімдер қамтамасыз етілді.
- Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2 трлн теңгеге нысаналы трансферт тарту барлық шұғыл шығыстарды, оның ішінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыруға мүмкіндік береді, - деді Қаржы министрі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2024 жылы Ұлттық қордың таза валюталық активтері қай деңгейге жететінін айтты.
ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қордан бөлінетін қаражат қазақстандық тауарлардың көлемін арттыруға, нақты жобаларды қаржыландыруға бағытталуы керек екенін айтты.